ЖҮРЕКТЕ БІР САҒЫНЫШ БҰЛҚЫНАДЫFarabi University

ЖҮРЕКТЕ БІР САҒЫНЫШ БҰЛҚЫНАДЫ

18 қараша, 2025

2025 жылғы қараша айының 18-жұлдызы күні механика-математика факультетінің Ө.А.Жолдасбеков атындағы үлкен залында «Жүректе бір сағыныш бұлқынады» атты әдеби-танымдық музыкалық кеш өтті. Мәдени шараны ұйымдастырған Механика-математика, Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеттері мен осы ұжымдарға ортақ Қасым Аманжолов атындағы әдеби-шығармашылық бірлестік.

Кездесу қонағы – сырлы саз, қоңыр әуен, ән мен жырды қастерлеп, аялап келе жатқан ақын, әуесқой сазгер, танымал әндердің авторы Асхат Сүйіндік.

Асхат Сүйіндік – тегінен ақындық дарыған тума талант. Кеш барысында белгілі болғандай, бала ақын Асхат Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология немесе журналистика факультетіне оқуға түсіп, шығармашылығын одан әрі шыңдау армандаған екен. Өкінішке қарай,  арманына жету оған нәсіп болмай, әулетінің шешімімен Семейде оқыпты. Бірақ ол жақта өзіне лайық орта таба алмай, тұрмыстың күйбеңімен басқа салаға кетпегенде әдеби ортаға ертерек танылған ақын болуы әбден мүмкін еді. Дегенмен бойына атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған ақындығын тастамаған...

А.Сүйіндіктің сөзіне жазылған әндер халыққа танымал әншілердің репертуарына еніп, республикаға тарады, табиғатынан дарыған талантымен өзі шығарған әндері де радионың алтын қорына еніп, елдің асыл қазынасына айналған. Кездесуге автормен бірге келген әуесқой сазгер Е.Тоқсейітов пен әншілер Ұ.Кенжебай, Ж.Қоңыров ақынның сөзіне жазылған әсем де сазды әндерді орындап, кеш көрігін қыздырып, көрермендердің алғысына бөленді.

Шараға келген көрермендер ақынның табиғат, махаббат, көңіл-күй лирикалары мен оқырманның жүрек қылын шертетін тылсым сезімге толы шығармаларын нақышына келтіріп, мәнерлеп оқыған мехматтың студенттері Ж.Бақыт пен М.Бекназардың, АТжЖИФ білім алып жатқан Б.Азаматқызының, Б.Нұрқан мен Б.Нұрқойшиевтің өнерлеріне тәнті болып, қол соқты.

Әсерлі кешке сабақтан бос студенттер мен белсенділер, кафедра меңгерушілері А.Н.Темірбеков, А.Н.Шормакова және Л.А.Сағымбаева, С.К.Тапеева сынды аға куратор-эдвайзерлер қатысып, қаламгердің шумақтарынан оның ақындық қуатын, қарым-қабілетін көріп, қоғам өміріне бей-жай қарай алмайтын ақынның жүрек үнін естіп, үлкен рухани азық алып қайтты.

Болат ӘБЕНОВ,

Механика математика факультетінің аға куратор-эдвайзері