Қазақтың Бельгерін сөз еткен шара өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология және әлем тілдері факультетінің ұйымдастыруымен «Қазіргі заман кейіпкері. Герольд Бельгер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Аталмыш іс-шараға «Литературная Алма-Ата» альманағының редакторы Райхан Бектемісова, белгілі жазушы Владимир Васильев, Герольд Бельгердің жары Раиса Хисматуллина, бірқатар қоғам қайраткерлері, ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты. Сонымен қатар дөңгелек үстел жұмысына онлайн жүйеде С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тіл және әдебиет саласының ғалымдары қатысып, жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы өз пікірлерін білдірді.
Герольд Бельгер жазушы, әдебиеттанушы, аудармашы, публицист және қазақ елінің патриоты болды. Ол қазақ әдебиетінің Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді классиктерінің шығармаларын орыс тіліне аударған. Сондай-ақ оның 53 авторлық кітабы бар.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алуа Темірболат: «Өскелең ұрпақты үлгі тұтар тұлғасыз тәрбиелеу қиын. Біздің ойымызша, Герольд Бельгер – қазіргі заманның нағыз кейіпкері, қаhарманы. Өйткені, ол ұлты басқа болса да жүрегі қазақ деп соққан жазушы болды. Көзі тірісінде талай қоғамдық мәселелерге үн қосты. Солардың ішінде қазақ халқы мен қазақ тілінің тағдыры оны қатты мазалайтын, – дей келе, Герольд Бельгер туындыларын терең философиялық, психологиялық және этикалық шығармаларға жатқызуға болатындығын айтты. «Жазушы өз шығармаларында философиялық тұрғыдан ойлана отырып, психологиялық және этикалық мәселелерді көтерді. Оның кейіпкерлері қашанда көп ойланатын, іштей толғанып жүретін адамдар. Адам қандай болуы керек? Болмыс, махаббат, бақыт, достық деген не? Адам мен қоғам арасындағы байланысты қалай орнату қажет? Бұл сұрақтарға жауапты оның шығармаларынан табуға болады», – деді ол.