Студенттер «Әпке» пьесасынан ерекше ой түйіп қайтты
Қарашаның 12-нде Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің студенттері «Farabi CultureSte: Рухани даму» жобасы аясында Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахналаған «Әпке» қойылымын тамашалады.
Театр сахнасында ұсынылған бұл әсерлі туынды студенттердің жүрегіне жол тауып, мәнді мазмұнымен ерекшеленді. Қойылымда отбасы құндылығы, бауырмалдық, жауапкершілік, адамгершілік секілді тақырыптар терең қозғалды. Әрбір оқиға желісі көрерменді ойландырып, жақын жандардың қадірін түсінуге шақырды.
Актерлердің шынайы ойыны, кейіпкерлердің жан-дүниесін жеткізе білуі және драма мен юмордың үйлесімді берілуі қойылымның әсерін күшейтті. Әсіресе, бүкіл отбасының тірегі болып, жауапкершілікті мойнына алған әпке бейнесі студенттерге ерекше ықпал етіп, көпшілік оның жанқиярлығына тәнті болды.
Спектакльден кейін студенттер театрдың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтіп, отбасыдағы сыйластық, мейірім мен жанашырлықтың қадірі туралы маңызды ой түйгендерін жеткізді. Шара жастардың рухани дүниесін байытып, өнерге деген қызығушылықтарын арттыра түсті.
Басқа жаңалықтар