ҚазҰУ-да Гент университетімен жаңа ғылыми-білім беру жобалары талқыландыFarabi University

ҚазҰУ-да Гент университетімен жаңа ғылыми-білім беру жобалары талқыланды

19 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Бельгиядағы Гент университетінің ректоры Петра де Суттер ханым бастаған делегация жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс кездесуі барысында ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов құрметті қонақтарға университеттің соңғы ғылыми және академиялық жетістіктерін таныстырып, ҚазҰУ мен Бельгия жоғары оқу орындары арасындағы серіктестіктің жаңа бағытта дамып келе жатқанын атап өтті.

Ректор Петра де Суттер жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше қызығушылық танытты. Ол ғалымдар арасындағы ғылыми байланыстарды күшейту, бірлескен зерттеу жобаларын дамыту және жас зерттеушілерге арналған қосдипломды бағдарламаларды кеңейту қажеттігін атап өтті.

 

Кездесуге Гент университетінің профессоры Михаил Ружанский де қатысып, екіжақты білім беру және ғылыми ынтымақтастықтың әлеуеті туралы пікір алмасты. Сонымен қатар басқосуда механика-математика факультетінің деканы Бектемесов Жоламан Мақтағалиұлы, деканның ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Сабирова Роза Фархатовна, математика кафедрасының меңгерушісі Касенов Сырым Еркинович, математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының меңгерушісі Маусумбекова Сауле Джумакановна қатысты.

Жиын барысында механика-математика факультеті «Математика» білім беру бағдарламасы бойынша қосдипломды білім алу мүмкіндіктері, шетелде оқитын студенттерге көрсетілетін қолдау шаралары және алдағы бірлескен жобалар бойынша жан-жақты ақпарат алды.

Тараптар екі университет арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын тереңдету, ортақ зерттеу жобаларын іске асыру, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер алмасуды жүйелі түрде дамыту мәселелерін кеңінен талқылады. Келіссөз қорытындысында тараптар нақты бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеп, стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге ниет білдірді.

Жүздесуден кейін делегация мүшелері үшін университет аумағында арнайы тур ұйымдастырылды. Қонақтар ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен, жаңадан ашылған зертханалармен және ғылыми орталықтармен танысып, қазақстандық ғалымдардың инновациялық жобаларының нәтижелерін көрді.