Өзгеше аяқталған оқиға – жаңа мағына: ҚазҰУ студенттері сүйікті шығармаларының соңын қайта қиюластырып шықтыFarabi University

Өзгеше аяқталған оқиға – жаңа мағына: ҚазҰУ студенттері сүйікті шығармаларының соңын қайта қиюластырып шықты

27 қараша, 2025

2025 жылдың 25 қарашасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер»кафедрасы ұйымдастырған «Жас Зерделі Студенттер»  клубының кезекті басқосуы өтті. Бұл жолы жиынның өзегі – шығармалардың соңы басқаша түйінделсе, олардың мәні мен оқырманға әсері қалай өзгерер еді деген қызықты тақырыпты қамтыды.

Алғашқы сөз 3-курс студенті Диана Амангельдиеваға берілді. Ол әдеби туындының соңы – шығарманың соңғы беті ғана емес, оның салмақты ойды тоқайластырып тұрған түйінді тұсы екенін жан-жақты ашып көрсетті. Одан кейін Малика Салиева сөз жалғап, ашық финалдың табиғатын, оның оқырманды ойландырудағы, әркімге өзінше пайымдауға жол ашудағы орны мен ерекшелігін талдап берді.

Теориялық бөлім аяқталған соң сөз тізгіні студенттерге беріліп, олар белгілі туындылар туралы өзіндік түйінді ортаға салды.

• Аминат Рахметова Юкио Мисиманың «Жизнь на продажу (Өмір сатылымда)» романына тосын, тың шешім ұсынды.

• Малика Халелова Генки Кавамураның «Если все кошки в мире исчезнут (Егер әлемдегі барлық мысықтар жоғалып кетсе)» шығармасына жаңа қорытынды жазып, оны оқырман қауымына ұсынды.

• Ангелина Баязитова Стивен Кингтің «Страна радости (Қуаныш елі)» кітабы басқаша аяқталса, ондағы оқиға бағыты мен мағына қалай өзгерерін көрсетті. Ол сондай-ақ мұндай шығармашылық тәжірибелердің баспагерлер үшін пайдалы тұстарын да атап өтті: оқырманның қалауын тануға, жарнамалық мүмкіндікті кеңейтуге, қосымша мазмұн жасауға жол ашады.

Отырыста ерекше назар аудартқан жұмыс – Лейла Әбілмәліктің шығармашылық жобасы. Ол «Demon Slayer» мангасының финалын өз қиялымен қайта зерделеп, соған сәйкес бейнелік шешім ұсынып, көрерменді жаңа оймен таныстырды.

Жиынның соңында Шахизат Әбдіжапар жүргізген «Соңын тап!» атты ойын өтті. Қатысушылар қысқа сипаттама арқылы қай шығарманың соңы суреттеліп тұрғанын табуға тырысып, аудитория арасында қызу талқылау мен қызықты сәттер болды.

Отырыс мазмұнға бай, ой қозғайтын әрі шабытқа толы өтті. Студенттер автор ойының тереңдігін, редактор мен баспа шешімдерінің мәнін саралап, шығарманың соңын өзгертудің оның оқырманға жету жолына да ықпал ететінін ұғынды. «ЖЗС» клубы студенттік өмірге рух беретін орта болып, алда да жаңа тақырыптар мен тың идеялар ұсынуды жалғастырмақ.