Білім берудегі инновациялар және түркі әлемінің ғылыми мұрасы
2025 жылы 16 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасының мәжіліс залында «III Дүниежүзілік этнотілдік алуан түрлілік және түркі мұрасы» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Конференция барысында шетелдік және отандық ғалымдар баяндама жасап, түрлі ғылыми мәселелер төңірегінде ой өрбітті. Ғылыми шара барысында түркі мұрасын зерттеуші түркітанушы ғалымдардың ғылыми зерттеулері мен еңбектеріне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылған.
Конференцияға Ресейлік және Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия елдерінен ғалымдар мен ізденушілер қатысты. Қатысушылар ұсынған баяндамалар түрлі тақырыптарды ұсына отырып, өмірлік тәжірибелерімен де бөлісті. Мәселен, оқыту барысындағы жасанды интеллектіні тиімді қолдану, оқытушы мен студенттің психологиялық ерекшеліктері оның оқу процесіне қатысы жайында және адамның организмінің дұрыс режимі, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын ұстанудың оқу процесіндегі маңыздылығы туралы қызықты ғылыми баяндамалар жасалды.
«Филолог оқытушылардың кәсіби құзіреттілігін дамыту: интеграциялау әдістемесі» (ТДМ-4) атты тұрақты даму мақсатына сай келетін бұл конференция шетелдік білім алушыларға сабақ беретін оқытушылар үшін үлкен маңызға ие. Себебі конференцияда шетелдік озық тәжірибелер мен әдіс-тәсілдер кеңінен талқыланып, пайдалы ақпараттар баяндалды. Ғылыми мәні жоғары бұл конференцияның соңы ұйымдастырушыларға алғыс айтумен, шетелдік қонақтардың ризашылығымен аяқталды.
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру кафедрасының оқытушысы, ғылыми жұмыстар бойынша кафедра меңгерушісінің орынбасары
Айгүл Асенова Халдарқызы
Басқа жаңалықтар