ТДМ 4. ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ САЯХАТ: БОЛАШАҚ ФИЗИКТЕРДІҢ ЖҰЛДЫЗДАР ӘЛЕМІНЕ САЯХАТЫ
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы тыңдаушылары үшін білім беру үдерісін жандандыратын ерекше шара ұйымдастырылды. Физика бағытындағы топтар В.Г. Фесенков атындағы Астрофизикалық институттың обсерваториясында болып, нақты ғылымдар әлемінің тереңдігі мен тартымдылығын өз көздерімен көрді.Ғылыми-танымдық саяхат барысында тыңдаушылар институттың қызметімен кеңінен танысып, астрономия, астрофизика, метеорология және ғарыш құбылыстарын зерттеу бағыттары жөнінде құнды мәліметтер алды. Институтта жүргізілетін ғылыми жобалар еліміздің ғана емес, әлемдік ғылыми қауымдастық үшін де маңызды болып табылатыны түсіндірілді.Экскурсия кезінде студенттер түрлі телескоптар мен жұлдыздар, ғаламшарлар және басқа да аспан денелерін бақылауға арналған жоғары технологиялық құрылғыларды көрді. Обсерватория мамандары аспаптардың жұмыс істеу принциптерін түсіндіріп, нақты ғылыми өлшеулердің қалай жүргізілетінін көрсетіп берді. Бұл тәжірибе тыңдаушыларға ғылымның тек теориядан ғана тұрмайтынын, шынайы зерттеулер мен бақылауларға негізделетінін айқын көрсетті.Тыңдаушылар үшін жұлдызды аспан құпияларын көзбе-көз тамашалау, ғалымдардың күнделікті еңбегін көру – болашақ мамандыққа деген қызығушылықты күшейтіп, ғылыми ізденіске деген ынтаны арттырды. Олар алған әсерлерін өздерінің болашақ ғылыми жолына бағдар ретінде қабылдады.Бұл сапар Тұрақты даму мақсаттарының бірі – ТДМ 4 "Сапалы білім беру" міндеттерімен толық үйлеседі. Себебі шара жастардың ғылыми сауаттылығын арттырып, білімге қолжетімді және тәжірибелік форматта мүмкіндік береді. Ғылым әлемін тәжірибе арқылы тану – сапалы білімнің маңызды құрамдас бөлігі.В.Г.Фесенков атындағы Астрофизикалық институтқа жасалған бұл саяхат болашақ физиктердің дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың кәсіби қалыптасуына оң әсер ететін құнды тәжірибе болды.Осындай танымдық іс-шаралар жастарды ғылымға баули отырып, елдің ғылыми әлеуетін арттыруға, жаңашыл әрі білікті мамандарды даярлауға үлкен үлес қосады.
Басқа жаңалықтар