АБАЙ ҒЗИ-дағы АШЫҚ САБАҚТАР АПТАЛЫҒЫFarabi University

АБАЙ ҒЗИ-дағы АШЫҚ САБАҚТАР АПТАЛЫҒЫ

1 желтоқсан, 2025

Фараби университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында орындалған ғылыми жоба нәтижесі ретінде оқу үдерісіне енгізілген «АБАЙ ІЛІМІ» пәні бойынша Абайдың 180 жылдығы аясында ашық сабақтар апталығы өтуде.

Ашық сабақтар филология, тарих, журналистика, шығыстану факультеттерінде “Абай ілімі” пәнінің мазмұнын құрайтын негізгі тақырыптар бойынша жоспарланған.

 Сабақтар барысында қойылымдар қою, жоба қорғау, дебат, сұқбат, подкаст жасау, бейнеролик, челленж т.б тәрізді инновациялық әдіс-тәсілдер қолданылады.

“Абай ілімінің” пәнаралық сипаты басым болғандықтан, әр мамандықтың ерекшелігіне қарай шығармашылық тапсырмалар беріліп, сабақтар көбіне интерактивті формада өткізілуде.

Атап айтқанда, «Қазақ филологиясы» мамандығының 1-курсында «Абай ілімінің құрамдас бөлімдері: ақыл; қайрат; жүрек» тақырыбында, “Орыс филологиясы” мамандығында “Разум и сердце как составные части учения Абая”; журналистика факультетінде «Абай іліміндегі бес асыл және бес дұшпан категориялары», “Абай ілімінің бастау көздері: Шығыс және Батыс”, тарих факультетінде “Абай іліміндегі ақыл категориясы” т.б. тақырыптар бойынша ашық сабақтар өтті.

Студент жастар сабақтарға белсене араласып, өздерінің білімі және шығармашылық қабілеттерін таныта білді.

Болашақ мамандар үшін “Абай ілімі” пәні сабақтарының танымдық та тәрбиелік те мәні зор деп білеміз. Бұл сабақтарда студент жастар Абай сөзінің мән-маңызын тереңірек ұғынып, қазіргі заман контексінде талдауды үйренеді.