Лабораториялық зерттеулерден өндіріске
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде микробиолог ғалым, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Жұбанова Ажар Ахметқызының 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазіргі биотехнология мәселелері: лабораториялық зерттеулерден өндірістерге» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – лабораториялық зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізудің оңтайлы жолдарын іздестіру. Конференция жұмысында соңғы он жылда қатерлі ісік ауруларының алдын алуда және емдеуде қолданылатын биотехнологиялық препараттардың зертханалық үлгісінің сынақ мерзімін тоқтатып, оларды қолданысқа енгізу мәселесі сөз болды. Профессор Н.Т. Балтабековтің айтуынша, статистика бойынша бүгінгі таңда елімізде жылына 360 мың адам қатерлі ісік ауруларына шалдығады. Ең қайғылысы оның ішінде балалардың саны 500-ден асып жығылады. Жыл сайын онкологиялық ауруға шалдыққандардың 16 мыңы дертіне дауа таба алмай, өмірден өтеді екен. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш күн санап артып келеді.
Аталған мәселені жою мен алдын алу шараларын ұйымдастыру, сонымен қатар өсімдіктердің, жануарлардың және микроорганизмдердің биотехнологиялық және генетикалық потенциалдарын анықтау, ветеринария және ауылшаруашылығында жаңа биотехнологиялық препараттар дайындаудың тәжірибелік шешімдерін ұсыну мәселелері конференция барысында кеңінен талқыланды.
Сондай-ақ іс-шара барысында әлемді жайлаған трансгенді азық-түлік индустриясының дамыған уақытында гендік модификацияланған өнімдерден аулақ болу және гендік инженерияны дұрыс бағытта пайдалану сияқты бірқатар сұрақтарға жауап берілді. «Қазақстанда гендік инженерияның көмегімен мақтаның «Түркістан» атты сорты отырғызылды. Бұл әдістің басты артықшылығы ол арам шөптердің өсуіне жол бермейді. Нәтижесінде шаруалардың жұмысы жеңілдеп, өнімнің көлемі артады», – деді ҚР БҒМ «Ұлттық биотехнология орталығының» бас директоры Е.М. Раманқұлов. Яғни, биотехнологияларды тиімді пайдалану ел экономикасына айтарлықтай оң өзгерістер әкелетіні сөзсіз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – биотехнология саласы мамандарын даярлайтын басты білім ордаларының бірі. Жоғары оқу орнында «Биология және биотехнология мәселелері» ғылыми-зерттеу институты, «Хронобиология және хрономедицина» оқу-ғылыми орталығы мен «Жаңа талап» атты генетикалық-селективтік орталықтың жұмыс істейтінін атап өту керек. Оқу ордасында Ажар Ахметқызы сияқты жоғары білікті мамандардан білім алған шәкірттердің ертеңгі күні ел игілігі үшін қызмет ететініне сеніміміз мол.