Белемнен аудиторияға дейін: магистранттар COP 30 нәтижелерін талдаудаFarabi University

Белемнен аудиторияға дейін: магистранттар COP 30 нәтижелерін талдауда

4 желтоқсан, 2025

2025 жылғы 21 қарашада, Бразилияның Белем қаласында өткен COP 30 келіссөздері аяқталғаннан санаулы сағаттар өткен соң, Халықаралық қатынастар факультетінің 2-курс магистранттары ашық тәжірибелік семинар өткізді. Кездесу конференцияның тікелей қорытындыларын байырғы халықтардың құқықтары, адам құқықтары және табиғи ресурстарды басқару контексінде талдауға арналды.

Іс-шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері институты базасында өтті және оны доцент міндетін атқарушы Жұлдыз Байзақова ұйымдастырды.

Көбіне «Амазониялық COP» деп аталатын биылғы конференция климаттың өзгеруімен күрес шаралары, биоалуантүрлілікті сақтау және адам құқықтары арасындағы өзара байланысқа ерекше назар аудартты. Белемдегі оқиғаларды «жанды кейс» ретінде қолдана отырып, студенттер мына мәселені зерттеді: Бразилияда жарияланған жаһандық міндеттемелер байырғы қауымдастықтар мен жер қорғаушыларын нақты қорғауға әкеле ала ма?

Пікірталас ресурстарды басқару саласындағы жаңа сын-қатерлерге, әсіресе жасыл технологияларға қажетті сыни (стратегиялық) минералдарға деген жаһандық сұраныстың артуы жағдайына шоғырланды. Қатысушылар байырғы халықтардың аумағында ресурс өндірудің этикалық аспектілерін талқылап, COP 30-дың Амазонияда өтуі халықаралық дискурстың фокусын көміртегі шығарындыларының көрсеткіштерінен табиғатты қорғау, егемендік және жергілікті қауымдастықтардың мүддесіне бағытталған басқару қағидаттарына қалай ауыстырғанын атап өтті.

Бұл іс-шара Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының серпінді және халықаралық деңгейге бағдарланған оқу процесіне бейілділігін айғақтайды және студенттерге негізгі әлемдік оқиғаларды олардың даму барысында зерделеуге мүмкіндік береді.

«Қоршаған орта, қақтығыстар және тұрақты даму» курсы оқу бағдарламасына биыл алғаш рет енгізілді. Ол тұрақты даму және табиғи ресурстарды басқару саласындағы академиялық ұсыныстарды одан әрі кеңейту үшін пилоттық жоба ретінде қызмет етеді.