Кәсіби PR мамандарын даярлауға қажетті кітаптар көрмесі өттіFarabi University

Кәсіби PR мамандарын даярлауға қажетті кітаптар көрмесі өтті

4 желтоқсан, 2025

ТДМ-4

4-желтоқсан күні экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Жетпісбай Бекболатұлының биылғы оқу жылында жарық көрген кітаптарының көрмесі ашылды және бұл шара ғалымның мерейтойына орай құттықтау салтанатымен жалғасты.  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы төрағасы Талғат Мекебаев арнайы келіп, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын жеткізді. Онда университет басшылығы мемлекет мүддесі мен ұлт мұраты жолында қызмет етіп жүрген әр маманды бағалайтыны баса айтылып, сонымен қатар ЖОО ұжымы атынан Жетпісбай Бекболатұлына деген ізгі тілектер білдірілген.

Ал, журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы университет кәсіподағының ұжымда қызмет атқарып жүрген қызметкерлерді арнайы құттықтау шарасына бастамашы болып жүрген Талғат Құмарғалиұлына факультет атынан алғыс білдірді. Осы шараға арнайы қатысып отырған белгілі журналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі Сандыбай Аяған Өтенұлы да Жетпісбай Бекболатұлының мемлекетшілдік ұстанымы және республикамызда қоғаммен байланыс саласында көптеген танымал еңбектер жазып жүрген ізденімпаздығы мен еңбекқорлығына тоқталды. 

ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен өткен бұл шараға елімізге танымал ғалымдар мен журналистер және факультет білім алушылары қатысты. Ғалым Ж.Бекболатұлының теория мен практиканы қатар алып жүріп, болашақ кәсіби PR мамандарын даярлауға қатысты еңбектер жазу тәжірибесі өзінің әріптестерінің бойында жаңа құлшыныстар тудырады деген шара мақсаты толық орындалды.

 

Ошанова Орынтай,

ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация

кафедрасының меңгерушісі