«Абайы бар ел – ешқашан адаспайды»Farabi University

«Абайы бар ел – ешқашан адаспайды»

6 желтоқсан, 2025

05.12.2025 күні Қызыл залда Механика-математика факультеті мен Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ОПҚ мен студенттерінің «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, ҚР Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Абайдың қара сөздерін қара өлеңге айналдырған, белгілі ақын Әлібек Шегебаймен әдеби-танымдық кездесу-кеші өтті.

Ұйымдастырушылар – аталған факультеттердің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері мен студенттерінің Қ.Аманжолов атындағы шығармашылық бірлестігі, Есептеу ғылымдары және статистика, Ақпараттық жүйелер кафедралары, мехматтың студенттік жастар ұйымдары және Фараби кітапханасы.

Ұлттың ғана емес, адамзаттың да рухани шамшырағы Абайдың рухани мұрасын насихаттау, жас ұрпаққа оның «Толық адам» ілімін терең түсіндіру, ұлттық тәрбие мен рухани жаңғыру құндылықтарын дәріптеу мақсатында және ОРНЫҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫ (TIMES HIGHER EDUCATION IMPACT RANKINGS (17 ЦУР)) рейтингінің 4-пункті аясында ұйымдастырылған шараға танымал ақындар Бауыржан Қарабеков (ғалым), Асқар Дүйсенбі, Бақытжан Алдияр, Бекжан Әшірбаев, кафедра меңгерушілері доцент С.Ж.Маусымбекова, PhD, доцент А.Н.Темірбеков, PhD, доцент А.Н.Шормақова, кафедраның аға кураторы Ә.Қажыбек және екі факультеттің студент жастары қатысты.

Кездесу барысында 1 курс студенттері Ә.Өмірбек, Т.Атбағарова, Ж.Жақсылық, Б.Азаматқызы Әлібек Шегебайдың Ұлы Абайдың қара сөздерінен туындаған өлеңдерін оқып, әндер орындады. Өз кезегінде кеш қонағы оқырмандарды толғандырып жүрген сұрақтарға толыққанды жауап беріп, жастарды кітап оқуға, сапалы білім алуға үндеді, гитараға қосылып, әсем ән де салып берді. Шара соңында көрермендер ақынмен естелік фотоға түсіп, әсерлі кеш үшін алғыс айтып, тарасты.

Абайдың сөзі – ұлттың айнасы, мұрасы – сарқылмас қазына. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген бір ғана жолдың өзі ұрпаққа өмірлік бағдаршам бола алады. Абайы бар ел – ешқашан адаспайды. Абай аманатына адал болайық!

Б.Қ.Әбенов,

механика-математика факультетінің аға-кураторы