- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қытайтанушы ғалым Нұрқалық Абдырақын көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі қытай әдебиетін жүйелеген үш кітап жариялады
Қытайтанушы ғалым Нұрқалық Абдырақын көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі қытай әдебиетін жүйелеген үш кітап жариялады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының PhD докторы Нұрқалық Абдырақынның жаңа үш кітабы жарық көрді. Бұл ғылыми монографияның бірінші кітабында көне қытай әдебиеті толығымен қарастырылып, жан-жақты зерделеніп ғылыми түрде талданды.
Қытайдың барлық патшалық кезіңдегі әдебиетке талдау жасалып, ондағы қаламгерлер шығармаларының көне қытай тіліндегі түп нұсқасынан үзінді келтіріліп, аудармасы қоса беріледі. Аталмыш еңбек қытайтану бағытындағы ізденушілер мен әдебиет сүйер жалпы оқырман қауымға арналған. Қытай әдебиетінің көне дәуірі (上古), орта көне дәуірі (中古), және кейінгі көне дәуірі (近古) жан-жақты зерделеніп талданды.
Екінші кітапта (1840–1917) — Апиын соғысынан Ресейде болған Қазан төңкерісіне дейінгі таяу заман әдебиет және (1917-1949) дейінгі қытай қазіргі заман әдебиеті қарастырылды.
Соңғы кітап осы заман қытай әдебиетінде реформа мен ашық есік саясаты кезеңінде (1978—2025) әдебиетте бұрын-соңды болмаған еркіндікке қол жеткізген кезеңді баяндайды. 1978 жылдан кейін “Жаралы әдебиет” (伤痕文学) ағымы пайда болды. Лю Синь Удың “Сынып жетекшісі”, Лу Синьхуа “Жара” шығармалары “Мәдени революцияның” халыққа тигізген зиянын көрсетіп, тарихи шындыққа назар аудартты. Кейіннен “Рефлексиялық әдебиет” (反思文学) өткеннің терең себептерін зерттеуге бет бұрды, ал “Реформа әдебиеті” (改革文学) жаңа заманның әлеуметтік өзгерістерін талдауға кірісті.
Бұл ағымдар тарихтың тыйым салынған шекарасын алғаш болып бұзды; тұманды поэзия (朦胧诗) модернистік эстетика арқылы жеке адамдық үнді қайта құрастырды. Лу Яо, Чэнь Чжунши, Цзя Пинва секілді жазушылар реализмді тереңдетсе, ал Мо Янь, Юй Хуа, Су Тун, Сән Шуе бастаған қаламгерлер «авангард әдебиеті» қозғалысын өрістетіп, баяндау тәсілдері мен тілдік тәжірибелер арқылы романға жаңа көзқарас әкелді. Тоқсаныншы жылдардан бастап нарықтық экономиканың өрлеуі әдебиетті көптүрлілікке бағыттады: қала прозасы, әйелдер жазуы, фантастика секілді жаңа арналар қалыптасып, әдебиет өз болмысына оралу мен шынайылыққа үн қату арасында жаңа мүмкіндіктер тапты.
XXI ғасырға қадам басқанда, қытай әдебиеті бұрынғыдан да ашық әрі аралас сипатқа ие болды. 2000 жылы эмигрант жазушы Гау Шиңжияннің. 2012 жылы Мо Яньның Нобель әдебиет сыйлығын алуы – қытай әдебиетінің әлемдік деңгейде мойындалуының айғағы болды. «Үш дене» сияқты фантастикалық шығармалар сәтті түрде шыққан. Ондағы мәдениеттер ақасында болған қақтығыстар тамаша баяндалған.