«Алаяқтықтың өршуі: тергеудегі қиындықтар мен қорғау тәсілдері»
12 желтоқсан 2025 жылы «Ел Тұтқа» пікірталас клубының мүшелері клуб жетекшісі Тлепбергенов Орынбасардың қатысуымен Жетісу ауданы прокуратурасының өкілдерімен мазмұнды кездесу өткізді. Бұл маңызды шара Жетісу ауданының прокуроры Уражанов Талғат Булатовичтің қолдауымен ұйымдастырылды.
Кездесуге Жетісу ауданы прокуратурасының прокуроры, 3-сынып заңгері Мұхамбет Әнел Ардаққызы, Жетісу ауданы прокуратурасының прокуроры, 2-сынып заңгері Әжіқұрман Аружан Бақтықұлқызы, сондай-ақ Жетісу ауданы прокуратурасының прокуроры, 3-сынып заңгері Меллат Қаламқас Думанқызы келіп қатысты.
Отырыстың негізгі тақырыбы қоғамда кеңінен тараған алаяқтық қылмыстары, олардың түрлері, сондай-ақ азаматтардың өзін қорғау және алдын алу тәсілдері болды. Прокурорлар интернет-алаяқтық, онлайн-банкинг пен банк карталары арқылы жасалатын алдау әрекеттері, жалған инвестициялар мен қаржы пирамидалары, тұрғын үй және жұмысқа орналастыру салаларындағы алаяқтық сияқты кең жайылған қылмыстар туралы жан-жақты баяндады.
Әсіресе интернет алаяқтықтың қауіптілігіне ерекше назар аударылды. Заманауи цифрлық технологиялардың қылмыскерлерге бүркемеленуге мүмкіндік беретіні, халықаралық серверлерді тексеру барысында туындайтын құқықтық-тәжірибелік қиындықтар, киберіздердің тез жойылуы, шетелдік платформалармен құқықтық ынтымақтастық орнатудағы кедергілер кеңінен түсіндірілді. Тергеу жүргізу кезінде кездесетін мұндай қиындықтар құқық қорғау органдары үшін үлкен жауапкершілік жүктейтіні атап өтілді.
Кездесу барысында прокурорлар студенттерге алаяқтықтан қорғанудың нақты амалдарын түсіндіріп, жеке тәжірибелерінен мысалдар келтірді. Олар күмәнді сілтемелерді ашпау, жеке ақпаратты бөгде адамдарға бермеу, онлайн төлемдер жасауда қауіпсіздікті сақтау, тек ресми ресурстарды пайдалану қажеттігін атап өтті. Бұл пікірталас болашақ заңгерлерге практикалық білім беру тұрғысынан маңызы зор шара болып, құқықтық сауаттылықтың азаматтарды қылмыстардан қорғаудағы рөлін терең түсінуге мүмкіндік жасады.