Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) аясында «Zerdesh» мектебінде Қоғамдық жұмыс орталығының ұйымдастыруымен «Әділдік және жауапкершілік» құндылығы негізінде оқушылармен тәрбиелік-танымдық дәріс өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойында әділдікке деген құрметті, жауапкершілік сезімін, азаматтық белсенділікті және құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Дәріс барысында оқушыларға өмірлік маңызы бар мәселелер: қоғамдағы әділдік ұғымы, әр адамның жеке жауапкершілігі, адам құқықтары мен міндеттері, моральдық таңдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас, адал еңбектің қадірі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сабақ интерактивті форматта ұйымдастырылып, оқушылар нақты өмірлік жағдайларды талдау арқылы пікір алмасып, сұрақ-жауап сессиясына белсене қатысты. Сонымен қатар, жастардың бойында адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған практикалық тапсырмалар орындалды.
Аталған дәріс жасөспірімдердің саналы тұлға ретінде қалыптасуына, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауына және қоғамда әділдік қағидаттарын ұстануына оң ықпалын тигізді.