Жүсіп Баласағұн еңбектері – түркі елдеріне ортақ мирас

14 сәуір, 2016

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ІІІ Халықаралық Фараби оқулары аясында ұлы ойшыл, ғалым және ақын Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдық мерейтойына орай «Жүсіп Баласағұн шығармашылығының түркі әлемі мәдениетіне қосқан үлесі» атты ғылыми-теориялық конференция өтті.

Жүсіп Баласағұнның еңбектерін насихаттауды мақсат еткен шараны университетіміздің ректоры Ғалым Мұтанұлы ашты: «Жүсіп Баласағұнның шығармашылық мұралары тіл, әдебиет, тарих, заң, мемлекеттік басқару жүйесі, пәлсапа, космология, гносеология, этика салаларын қамтиды. Сондықтан оның «Құтты білік» поэмасы әлем әдебиетінің ғажайып туындысы болып есептеледі. Ұлы ойшыл оқу мен білім кез келген мемлекет пен қоғам дамуының негізі екендігіне, мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамдық қатынастар білім мен ғылымның таралуына сай дамитындығына сенді. Оның билеуші және саяси элита білімді болған сайын мемлекет пен қоғам өркендей түседі деген идеясы бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Жүсіп Баласағұнның заң мен ғылымды дұрыс қолдану арқылы қайырымды, кемел билеуші жасау туралы идеясы Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қала туралы идеясымен ұштасады», – деді. Сөз соңында ҚазҰУ ректоры 2016 жылды «Жүсіп Баласағұн жылы» деп жариялаған ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлына ерекше алғысын білдірді.

Конференцияға Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Дүйсен Қайсенов қатысып, жиылған қауымға арнап сөз сөйледі. Ол: «Биылғы жылы  түркі тектес мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлағалы отыр. Ширек ғасыр бұрын азаттыққа қол жеткізген түркі тілдес мемлекеттер мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұн – рухани мәдениеттің әлемдік деңгейдегі ірі тұлғасы. Ол – түркі дүниесінің ойшылы әрі сөз зергері.  Осы ТҮРКСОЙ ұйымы Қазақстан, Түркия, Қытай сынды елдерде Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдығына орай бірқатар шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Баласағұнның мың жылдығына арналған жиынның әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп отырғанында үлкен мән бар, өйткені соңғы жылдары университет түркі құндылықтарын зерттеуге белсене кірісіп, түркі тілдес елдермен терең қарым-қатынас орнатты. Олай болса, осы сәтті пайдаланып баршаңызды атаулы мерекемен құттықтап, алдағы уақытта толағай табыстар тілеймін. Осы орайда бүгінгі тарихи жиынды ұйымдастырып, ұлы тұлғаның рухын асқақтатқан университет ректоры Ғалым Мұтанұлына және өзге де қонақтарға ТҮРКСОЙ ұйымы атынан алғыс айтамын»,– деп жылы лебізін жеткізді.

Әлемдік ғылымның дамуына үлес қосқан ойшылдың мыңжылдығына орай ұйымдастырылған шарада Түркия Республикасының Aлматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз бен Қырғыз Республикасының Aлматы қаласындағы консулы Гүлнұр Нарматова сынды шетелдік қонақтар да құттықтауларын жеткізді. Одан әрі шара қонақтары жиынға қатысушы ғалымдардың баяндамаларын тыңдады. Конференцияда фил.ғ,д., профессор, Баку мемлекеттік университеті түркі әдебиетінің тарихы кафедрасының меңгерушісі Рамиз Aскеров – «Құтты білік» шығармасының Әзірбайжанда зерттелуі»;  т.ғ.д., профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы Уахит Хамзаұлы – «Жүсіп Баласағұнның кіндік қаны қазақ жерінде тамған»; РҺD, профессор, Гази университеті, ТУРКИЯТ түркі халықтарын зерттеу орталығының директоры Хюлия Касапоглу –  «Түркі халықтары мәдениетінің тарихы және «Құтадғу біліг»; фил.ғ.д., академик, Қырғыз Республикасының Ұлттық академиясының вице-президенті Aбылдажан Aкматалиев –  «Жүсіп Баласағұн және жаңа қырғыз әдебиеті»; фил.ғ.д., профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы Берікбай Сағындықұлы – «Құтадғу біліг» ­ – оғыз-қыпшақ тілінде жазылған ескерткіш»;  т.ғ.к., РҒA УҒО Тарих, тіл, әдебиеті институындағы Ежелгі әдебиет бөлімінің меңгерушісі Aхат Салихов – «Aхмет Заки Валиди Тоған тапқан «Құтты білік» еңбегінің Наманған тізімі туралы» атты баяндамаларын оқыды.

ҚазҰУ мен халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бірлесе ұйымдастырған шара одан әрі Жүсіп Баласағұн шығармаларын талдау мақсатында ұйымдастырылған пікірталаспен жалғасты.

Қаламқас Аманқосова