Оқырмандардың «бұл Ғамзатов деген кім еді тағы?..» деуі әдбен мүмкін. Өз ұлтымыздың ұлыларын, данагөйлеріміздің даналығын, қазақтың көсемсөзшілерін ұмыта бастаған жастарымыз өзгенің өкілін қайдан білсін?! «Ол – Дағыстанның халық ақыны, аудармашы. Оның «Тырналар» («Журавли») шығармасы танымал болды», – деген анықтама берілген Википедияда.
Енді Ғамзатов несімен ғажап болып, санамызда қалып отыр? Өйткені ақынның о дүниелік болған авардың бейнесінде жазған өлеңі жер бетіне тарап, бірнеше тілге аударылып, көпшіліктің көңілінен шыққан:
Естідім де сөзін ана тілімнің,
Бойым жылып,
лезде мен тірілдім.
Балгер де емес,
дәрігер де емес емдейтін
Тек өзімнің тілім екен
сөйлейтін.
Өзге бір тіл емдер
басқаларыңды,
Мен онымен айта алмаймын
әнімді.
Егер тілім ертең болса
құрымақ,
Мен дайынмын
өлуге де бүгін-ақ.
Қай қоғамда да тіл мәселесі бары белгілі. Қоғамның, технологияның, өркениеттің дамуымен байланысты тілдік өзгерістер туа береді. Біздің ұлтта да тіл өзекті болып отыр. Алайда ол мәселе өркениеттік дамумен байланысты емес, тікелей өзімізге қатысты екені де аян.
Қазақстанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп саналады. Солай бола тұра, біздің ұлт өкілдері жапатармағай орысша сөйлеп, тіліміздің өрісін қысқартып, қолданылу аясын тарылтып отыр. Тіпті басшылардың өздері орыс тілінде сөйлеп, қазақшасын шұбарлап, тілін бұрап сөйлейді. Міне, осылай төл тілді өгейсітіп, қолда бардың қадірін білмей отырмыз.
Соңғы жылдардағы ғалымдардың зерттеу нәтижесі бойынша кейбір халықтар тілдеріне жаһандану дәуірінде жойылып кету қаупі төніп келе жатқаны мәлім болып отыр. Сондықтан да ел болып ұрпақ санасына ана тілінің қадірі, қажеттілігі жөнінде тұрақты түрде насихаттай беру заманның талабы екені тегіннен емес. Бұл ретте жастар болашағы тәуелсіздік тұғыры болғандықтан, ұрпақ тәрбиесіне, әр құбылысқа елеңдеп тұрған жастарға оң бағыт сілтеп, қоғамдық пікір қалыптастырып, жастардың ұйымдастырушысы бола білетін, сөйте отырып, дәуір үнін, кезең келбетін нанымды бейнелеуге тырысатын өнімдер көбейе түскені ләзім. Өйткені жаһандану тілге қойылатын талапты күшейтті, сондықтан да идеологияның қуатты күшін сол талаптарға бейімдей отырып әрі сақтықпен пайдалану қажеттігі туындап отыр.
Белгілі тілші-лингвист Дуг Уоленнің пікірінше, дүниежүзіндегі қазіргі бар тілдердің келешекте тек 5 пайызы ғана өмір сүре алады екен. Қалғандары біржолата жойылмақ. Ғалымдардың зерделеуінше, жыл сайын жиырма бес тіл қолданыстан шығып қалады. Демек, XXI ғасырда дүниежүзілік тілдердің 80 пайызы қолданылмайтын болады. Америкалық лингвист Майкл Краус жойылу қаупі төнген тілдерді бес санатқа бөледі: 1. Қауіп төне бастаған тілдер (әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан деп табылған, үлкен тілдердің қыспағына түскен тілдер. Басты белгісі – алдымен бұл тілде сөйлейтін жастар азая бастайды). 2. Қауіп-қатер төнген тілдер (бұл халықтың жас ұрпағы өз тілінде сөйлегісі келмейді). 3. Аса қауіп-қатер төнген тілдер (бұл тілде жақсы сөйлейтіндердің жасы елуден асқандар). 4. Өле бастаған тілдер (бұл тілде тек қартайған адамдар ғана сөйлейді). 5. Жойылған тілдер (бұл тілде сөйлейтін бірде-бір адам қалмаған). Қазақ тілі аталған санаттардың қай деңгейінде тұрғанын пайымдай беріңіз...
Қазір еліміз жаһандану кезеңімен бетпе-бет келіп, елдікті жаңа тұрғыда нығайту процесін бастан өткізуде. Капитал нарығын тұрақтандыру, өндіріс орындарын дамыту, шикізат қорын үнемді пайдалану, интеллектуалдыққа барынша бет бұру, бейбіт өмірді сақтай отырып, келелі қауымдастық шеңберінде қадам жасау жағдайына барынша жақындау үстінде. Мақсат – елді дамытуға жаңаша көзқарас қалыптастыру және жаңаша әрекет ету. Яғни жаңа Қазақстан қоғамы экономиканы сандық, көлемдік жағынан ғана көтеріп қоймай, оны ғылымның, техниканың, технологиялардың, коммуникативтілік жүйелердің озық жетістіктерімен үйлестіре отырып дамытуға тиіс.
Қазір дүние жүзінде 2796 тіл қолданылатын көрінеді. Қолданатын жан саны 50 миллионнан асатын тіл – 13. Егер бұл тілдерді қолданатын жан санының аз-көптігіне қарай тізсек, реті мынандай болады: қытай тілі, хинди-ордо тілі, ағылшын тілі, испан тілі, итальян тілі. Бұл тілдер 65 мемлекетте мемлекеттік тіл ретінде қолданылады. Дүние жүзінде ресми тіл саны алтау: қытай тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, испан тілі, француз тілі, араб тілі.
Дүниедегі барлық аударма шығармалардың 33 пайызы ағылшын тілінен аударылса, 15 пайызы француз тілінен, ал 1 пайызы неміс тілінен аударылады. Жалпы, 6 мыңға жуық тілдің 100-і ғана мемлекеттік деген статусқа ие болған. 1989 жылы «Тіл туралы» заң қабылданғаннан бері қазақ тілі де осы мемлекеттердің қатарына кірген болатын.
М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Абайдың сөзімен заманға қарата: «...Ей, сорлы заман, тар заман!.. Менің маңдайыма сені берді. Аштырмадың адымымды! Менен аяған қай қастығың қалды. Мұнша ғазап шеккендей не жазық, не айыбым бар?» – деген зарын жеткізген. (Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. - Алматы: Жеті жарғы, 1997. 336-б.). Ол қай кез, біз қай кездеміз? Әлі күнге сол зарлы заманды кешудеміз. Оған кім кінәлі? Әрине, өзіміз. Өйткені саналылар азайды, намыссыздар көбейді, басқа мәдениеттің, басқа діннің, салт-сананың шырмауына іліккендер басым бола бастады, ұлт болашағын ойлайтындар санаулы ғана деуге болады. Ұлт қамынан гөрі қарынның қамын ойлайтындар артты. Алайда Алаш арыстарының «қағанағы қарқ болып, сағанағы сарқ болып» жүріп ұлт, тіл қамын ойлап па? Жоқ, әрине!
Адами қасиеттерді бойға сіңіру, жаһандық деградациялануға тосқауыл қою, ұлт тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтап қалу сияқты т.б. проблемалар – әлем халықтарының санасында сақталып, елеңдетіп отырған жайт. Интepнeттiң халықаралық дaмуы, aқпapaт таратудың цифpлaнуы, конвepгeнциялануы жәнe жeкe элeктpонды құpaл-жaбдықтapғa дeгeн қaжeттiлiк дәcтүpлi әдет-ғұрыптың жaңa белестерге шығуын тaлaп eтeдi. Яғни халықпен бaйлaныc оpнaтудың тeхникaлық, ұйымдacтыpушылық, өндipicтiк, экономикaлық пішіндері мeн тәciлдepi жандана түсіп отыр. Әрине, ғаламдық өзгерістерден Қазақ елі тыс қала алмайды, сол трансформациямен теңдесе жүріп, мемлекетті дамыта отырып, өзінің тілдік, ділдік, ұлттық ерекшеліктерін сақтаулары тиіс.
«Ашынғаннан шығады ащы дауысым» дегендей, айтпағымыз – әр қазақ өз ұлтының, тілінің, ділінің қамын бүгіннен ойлап, болашақ ұрпақтарына тәуелсіздіктің тізгінін берік ұстатса деген ниет қана...
Клара ҚАБЫЛҒАЗИНА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
Басқа жаңалықтар