Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда
15 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әлихан Бөкейханов және Алаш мұрасы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара қазақтың және бүкіл түркі халықтарының көрнекті қоғам және саясат қайраткері, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы және көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Конференция жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н. Әбдіқалықова, Алматы қаласының әкімі Б.Қ. Байбек, Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Н.М. Оразалин, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М. Мұтанов және ғылым, білім, мәдениет қайраткерлері қатысты.
Іс-шараның шымылдығын түре отырып ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Әлихан Бөкейхановтың азаматтық ұстанымы мен өмірлік мақсаты Тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру болғандығына ерекше тоқталды. «ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихын зерттеген Оксфорд және Сорбонна университетінің профессорлары Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қозғалысының қайраткерлері күрескен тарихи кезеңге «Мәдени ренессанс дәуірі» деген баға берген. Әлихан Бөкейханов – Сұлтанмахмұт ақынша айтсақ, «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» Ұлт қайраткері. Кезінде Әлихан Нұрмұхамедұлы: «Алған білімін өз халқының өмірімен бірлестіре алған адам ғана бақытты, оның жиған білімі баянды» деген келелі ой айтқан еді. Олай болса сол білікті білімді орнықтырар еліміздегі көшбасшы білім ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осындай ұлы тойдың басы-қасында болу мәртебесіне ие болып отыр», - деп конференция жұмысына сәттілік тілеп, құттықтау сөз кезегін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызына берді.
Гүлшара Абдықалықова өзінің алғы сөзінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, журналист және этнограф Әлихан Бөкейханов өзінің бар саналы ғұмырын қазақ халқының азаттығы мен дамуына арнағанын атап өтті. «Ол «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының басшылығына келіп, ұлттық мемлекетті қайта жаңғырту қажеттілігі идеясының негізін қалап, мақсатқа жету жолдары мен негізгі міндеттерді айқындады. Ә.Бөкейханов кезінде қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуын, оның ары қарай дамуы мен гүлденуін қамтамасыз ету мақсатындағы іс-әрекеттері ұлттық тарих шежіресіне алтын әріптермен жазылды. Бұл «Алаш» қозғалысы мен оның көшбасшысының ұлт тарихындағы рөлін айқындайды», - деп атап өтті.
Конференция барысында «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы мұрасын тарату мен қалың көпшілікке дәріптеуге бағытталған баяндамалар оқылып, еліміздің тәуелсіздік алуына өлшеусіз үлес қосқан қозғалыс көшбасшыларының ерен еңбектері сөз болды. Ғалымдардың пікірінше, Президент алға тартқан «Мәңгiлiк Ел» идеясы «Алаштың» негізгі ұстанымы – қазақ бостандығымен тығыз үндесіп жатыр.
Ә. Бөкейханов Абылай хан мен Кенесары ханның мақсаттары мен ұлы істерін ұлт тарихының жаңа ғасырындағы лайықты жалғастырушысы болды. Ол патшалық Ресей уақытында да, кеңес үкіметі кезінде де қазақтардың еркіндігі үшін күресті. Үш рет жазаға тартылып, 1937 жылы ату жазасына кесілді. Тек жарты ғасыр өткеннен кейін ғана жазықсыз жаладан ақталды.
Ә.Бөкейхановтың озық ойлы идеялары оны Еуропа мен Азияның көрнекті саяси қайраткерлерімен бір деңгейге қойды. Сондай-ақ бүгінде оның 150 жылдық тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқандығын атап өту керек.
Конференция барысында «Алаш» қозғалысы туралы деректі фильм көрсетіліп, Әлихан Бөкейханов шығармашылығы мен «Алаш» қозғалысы туралы кітап көрмесі мен Мұхамеджан Сералиннің «Айқап» журналының жалғасы болып саналатын басылымның тұсаукесер рәсімі өтті.
Анықтама үшін ақпарат: Конференцияда М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Уәлихан Қалижанұлы «Ұлттың ұлы тұлғасы»; ҚР БҒМ тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Әбжанов «Ә. Бөкейханов және ұлттық тарихты зерттеу методологиясы»; ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Әлихан Бөкейхан – Қазақ Ұлттық қозғалысының көсемі»; Мемлекеттік сыйлық иегері, академик О. Сәбден «Алаш идеясы арқылы өркениетке жаңа қадам" атты баяндамалар оқыды.
"АЙҚАП" - 1911 жылы жарық көрген қоғамдық-саяси, әдеби - көркем журнал. Журналдың негізін қалаушы әрі редакторы публицист, демократ жазушы Мұхамеджан Сералин болды.
Басылым 1911 жылдың қаңтар айынан 1915 жылдың шілде айы аралығында Мұхамеджан Сералиннің редакторлығымен 88 саны жарық көрді, С. Торайғыровтың, С. Сейфуллиннің, С. Дөнентаевтың, Б. Майлиннің және басқалардың мақалалары жарияланды. Журнал қазақ кедейлерінің мүдделерін қорғап, халықты оқу-білімге, дамуға үндеді. Қазақ прозасының, драматургиясының, әдеби сынының, сондай-ақ әдеби тілінің қалыпатасуында үлкен рөл атқарды.
1915 жылы журнал цензуралық себептерге байланысты жабылып қалды.
2012 жылдың шілде айынан бастап жазушы-қайраткер Қоғабай Сәрсекеевтің ұйымдастыруымен журналдың жалғасы ретінде тіркеліп, редакторлығымен 10 нөмірі жарық көрді.
2016 жылдың сәуір айында ҚР ИДМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінде қайта тіркеліп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылтайшылығымен шығарыла бастады. Бас редакторы - Ғалымқайыр Мұтанов. Журнал жылына 4 рет шығады.