- Басты бет
- Жаңалықтар
- Шығыстану факультетінің оқытушылары мен студенттері «Ялда түні - Нартуған» мерекесіне арналған шараға қатысты
Шығыстану факультетінің оқытушылары мен студенттері «Ялда түні - Нартуған» мерекесіне арналған шараға қатысты
15 қарашада Қазақстан республикасы Ұлттық кітапханасында Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасы Бас Консулдығының ұйымдастыруымен жылдың ең ұзақ түні – Ялда түні мерекесіне арналған мерекелік шара өтті. Бұрын ежелгі түріктер қысқы күн тоқырауы қарсаңында, яғни 22 желтоқсанда Нартуған мерекесін тойлаған. Бұндағы «нар» сөзі нені білдіреді? Қазақта бүгінде қасиетті сәулені «нұр» дейді, ежелде «күн» ұғымын «нар» деп атаған, бертін келе бұл сөз арабтың «нұр» сөзімен алмасты. Нартуған мерекесі бүгінде қазақ халқының жадынан шығып кеткен десе де болады. Бұл мерекені бүгінде түркі халықтарының ішінде еміс-еміс чуваш халқы ғана біледі. Сондай-ақ мажар халқы да ата-баба салтын ұмытпай, әлі күнге дейін Европаның төрінде «корачун» деген атаумен тойлап жүр. Соңғы кездері татар, башқұрт халықтары да қалпына келтіре бастады.
Ал Иранда Ялда мерекесі 2008 ж. Иранның ұлттық қазынасы тізіміне енгізілген. Бұл мереке Иранда жалпы халықтық сипатқа ие. Бұл түні туыс, дос-жаран адамдар жиналып, жеміс-жидектер мен әртүрлі дәндер жеп, Хафиз өлеңдері немесе Шахнамені оқиды.
Кешті Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханаcы директоры Нұрғалиева Ғазиза Құдайбергенқызы ашып, Иран Ислам Республикасының Бас консулы Суна Ахмади ханым, Иран мәдени орталығының басшысы Хоссейн Ағазаде мырза, Бас консулдықтың саяси және қоғамдық диломатия жөніндегі сарапшысы Сима Мохтари ханым, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Жакубаева Салтанат сөз сөйледі. Шығыстану факультетінің магистранты, аудармашы Омарханова Гаухар «Ялда түні - Нартуған» мерекесіне орай әдебиеттерге шолу» атты баяндама жасады. Шарада ирантану бөлімінің студенттері парсыша ән айтып, өлеңдер оқыды. Кеш соңында қонақтар Ялда түнінің арнайы тамақтары дайындалған дастарханнан дәм татты.