ҚазҰУ-дағы «Крим-Экс 2025»: Криминалистика мен сот сараптамасының үздік білгірлерінің кәсіби шеберлігіFarabi University

ҚазҰУ-дағы «Крим-Экс 2025»: Криминалистика мен сот сараптамасының үздік білгірлерінің кәсіби шеберлігі

18 желтоқсан, 2025

ҚазҰУ-дағы «Крим-Экс 2025»: Криминалистика мен сот сараптамасының үздік білгірлерінің кәсіби шеберлігі

2025 жылдың 5 желтоқсанында, заң факультетінің Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы, Қылмыстылыққа қарсы тұру мәселелерін зерттеу орталығымен бірігіп, жоғарғы оқу орындары арасында «Құқықтану» және «Құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламаларының студенттері, магистранттары, курсанттары және білім алушылар арасында жыл сайын өтетін «Криминалистика және сот сараптамасының үздік білгірлері – Крим-Экс 2025» 12-ші халықаралық кәсіби шеберлік» байқауын ұйымдастырды.

Алғашқы «Крим-Экс – 2014» байқауын ұйымдастырушы және идеялық демеушісі Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының меңгерушісі, профессор Р. Е. Джансараева болды. Оған Алматы жоғары оқу орындарының үш командасы қатысты. Жыл сайын байқау географиясы кеңейіп, қатысушы командалар саны артып келеді. Бұл байқау жоғары оқу орындарының білім беру кеңістігінде тұрақты орын алып, жарқын әрі күтілетін оқиғаға айналды.

Биылғы дәстүрлі іс-шара БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында өтті: 3 «Салауатты өмір салты және салауаттылықты қолдау», 4 «Инклюзивті және әділ сапалы білім беруді қамтамасыз ету және баршаның өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін көтермелеу». Байқауға Қазақстан мен шет елдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарынан 13 команда қатысты.

Қатысушылар криминалистика және сот сараптамасы саласындағы терең теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын көрсетіп, шынайы сценарийлер мен күрделі тапсырмаларда кәсіби және креативті шешімдер қабылдай білді. Әр команда қылмыстарды тергеуге арналған бірегей тәсілдер мен инновациялық идеяларын ұсынды. Іс-шара студенттер, магистранттар, курсанттар және білім алушыларға кәсіпті кешенді түсінуге, сын тұрғысынан ойлау қабілетін және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін тәжірибе алмасу алаңына айналды. Бұл құқық қорғау органдары үшін білікті мамандар даярлауда маңызды аспект болып табылады.

Тәуелсіз, тәжірибелі криминалистер мен сарапшылардан тұратын әділғазы алқасының шешімі бойынша байқау нәтижелері келесідей болды:

Бас жүлдені және арнайы жасалған «Крим-Экс» Бас жүлде - атты кубокты Астана қаласы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдарының «Академики» командасы ие болды.

І орынды дипломды және арнайы жасалған «Крим-Экс 2025» І-ші орын - атты кубокты Қарағанды қаласы, Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясының «Момент истины» және Алматы қаласы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Детективный код» командалары ие болды. 

ІІ орынды дипломды және арнайы жасалған «Крим-Экс 2025» ІІ-ші орын - кубокты Алматы қаласы, М. Есболатов атындағы ҚР ІІМ Алматы Академиясының «Томирис»; Қызылорда қаласы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Қорқыт із кесушілері» және Алматы қаласы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Агата Кристи» атты командалары иеленді.

ІІІ орынды дипломды және арнайы жасалған «Крим-Экс 2025» ІІІ-ші орын - кубокты Алматы қаласы, Қонаев университетінің «Сокровища Агры»; Шымкент қаласы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Зерттеу университетінің «След правосудия»; Алматы қаласы, «Тұран» университетінің «Seven squad articles». Санкт-Петербург кәсіподақтар гуманитарлық университетінің Алматы филиалы «Милиция»  командалары иеленді.

Алғашы рет ең жас қатысушылар ретінде Алматы қаласы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті колледжінің «Следовой шторм» командасы - ең үздік топ және «Эвиденс» командасы – ең креативті топ деген дипломдарға ие болды. 

Сонымен қатар, «Крим-Экс 2025» криминалистика мен сот сараптамасы саласындағы үздік білгірлердің университетаралық байқауында ең көп онлайн дауысын жинаған көрермендердің ықыласына бөленген Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Қорқыт із кесушілері» командасы жеңіске жетті.