Менің таңдауым: Салауатты Өмір
Университет қабырғасындағы білім мен ғылымның іргетасы мықты болғанымен, студенттік шақ тек оқумен ғана шектелмейді. Жастардың денсаулығы мен рухани дамуы — бүгінгі қоғамның басты назарындағы мәселе. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті (ҚазҰУ) студенттері "My Choice: A Healthy Lifestyle" Менің таңдауым: Салауатты Өмір салты тақырыбында ағылшын тілінде ұйымдастырған тағылымды іс шарасымен ерекшеленді. Бұл басқосу жастарды сапалы өмір сүруге үгіттеген, жан-жақты білім мен көңілді ойындарды ұштастырған нағыз мерекеге айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты Даму Мақсаттары (ТДМ) аясындағы №3 мақсат – "Жақсы денсаулық және әл ауқат" тақырыбын толық ашу болды. Студенттер өз сөздерінде бұл жаһандық мақсаттың негізгі міндеттерін ағылшын тілінде талдап, оның тек медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру ғана емес, сонымен бірге психикалық денсаулықты, дұрыс тамақтануды, спорттық белсенділікті және зиянды әдеттерден аулақ болуды қамтитынын түсіндірді. Олар денсаулықты сақтау – әрбір азаматтың өзі үшін және қоғам үшін жасаған маңызды инвестициясы екенін атап өтті. Дәстүрлі дәріс форматынан ауытқып, іс-шараға қатысушылар үшін бірнеше интерактивті элементтер ұсынылды: Шығармашылық Плакаттар: Аудиторияның қабырғасын безендірген плакаттар салауатты өмір салтының негізгі қағидаларын — "А Sound Mind in a Sound Body", дұрыс ұйқы, теңдестірілген тамақтану және тұрақты жаттығулар арқылы көркем түрде көрсетті. Бұл қолөнер жұмыстары тақырыптық ақпаратты тез әрі тиімді қабылдауға мүмкіндік берді. Слайдтар мен Бейнематериалдар: Проекторда көрсетілген түрлі түсті слайдтар мен тақырыпқа сәйкес ақпараттық-танымдық бейнероликтер денсаулықты нығайтудың ғылыми негіздерін, сондай-ақ психологиялық әл-ауқаттың маңыздылығын баяндады. Ойындар мен Викторина: Студенттердің білімін сынау мақсатында арнайы викториналық ойындар өткізілді. Қатысушылар өздерінің ұялы телефондары арқылы жылдам әрі дұрыс жауап беруге тырысып, бәсекелестік рухын көрсетті .Бұл тәсіл білімді игеру процесін көңілді әрі тартымды етті. Іс-шараның ерекше сәті – студенттердің өз өнерлерін көрсетуі болды. Студенттердің бірі салауатты өмір салтын дәріптейтін ән сөзін гитарамен сүйемелдеп орындады). Өнер мен денсаулық тақырыбының мұндай үйлесімі қатысушыларға үлкен шабыт беріп, іс-шараның атмосферасын жылыта түсті. Бұл іс-шара Қазақ Ұлттық Университетінің аға оқытушылары: Гумарова Шолпан Билашевна, Баймуратова Элиза Сарыбайқызы, Саякова Бактыжан Муратбековнаның ұйымдастырумен өтті.