ҚАЗАҚСТАН ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ең ықпалды басылымның бірі Түркістан газетінің тілшісіне сұхбат берді.
Өз сұхбатында Президент ел ішіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Президент әдеттегідей өткен жылдың қорытындысы туралы айтып берді. Былтыр өте көп оқиға болғаны белгілі. Дегенмен, 2025 жылдың басты нәтижесі ел экономикасы 6 пайыздан астам өскенін мәлімдеді. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш екенін атап айту керек. Жалпы, өткен жылы ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, елімізде әлі де болса түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес екенін атап өтті. Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек. Дегенмен, еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы деуге болады. Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты.
Баймуратова И. А. ҚазҰУ.-нің филология факультетінің оқытушысы.