Қазақстан Жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты
«Жаңғыру» тек экономикалық реформалар немесе инфрақұрылымдық жобалармен шектелмейді, ол – мәдениетімізді, білімімізді, қоғамдық санамызды жаңғырту, азаматтық жауапкершілігімізді нығайту процесі. Жаңғыру – тек билікке немесе реформаларға сеніп отыру емес. Ол – әрбіріміздің өмірлік таңдауларымызда, кәсіби міндеттерімізде, қоғам алдындағы жауапкершілігімізде көрінуі тиіс.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушысы және елдің ғылыми кадры ретінде осы мәселені тек академиялық тұрғыдан ғана емес, азаматтық парыз тұрғысынан қабылдап, қоғамға тарату жауапкершілігін алдық. Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты мазмұны мен баяндау тәсілі жағынан соңғы жылдары қалыптасқан ресми риторикадан белгілі бір деңгейде өзгешелеу екені аңғарылады. Мұнда әдеттегі салтанатты мәлімдемеге тән ресмиліктен гөрі, ел дамуының күрделі тұстарына назар аударуға ұмтылыс бар. Әңгіме жетістіктерді тізбелеумен шектелмей, сол жетістіктердің көлеңкесінде қалып қойған мәселелерді көбірек қамтиды.
Экономикалық өсімге қатысты келтірілген деректер ел дамуының серпін алғанын көрсетеді. Дегенмен сұхбаттың жалпы мазмұнынан бұл көрсеткіштер түпкі мақсат ретінде емес, жаңа міндеттер жүктейтін межелер ретінде қарастырылатыны сезіледі. Инфляцияның азаматтардың тұрмысына әсері туралы айтылған ойлар экономикалық статистика мен күнделікті өмір арасындағы алшақтыққа назар аудартады. Бұл тұста экономикалық даму сандық көрсеткіштермен ғана өлшенбейтіні, оның әлеуметтік салмағы да бар екені аңғарылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
филология факультеті
түркітану және тіл теориясы
кафедарсының аға оқытушысы
Акимишева Жанар Абдисадыққызы