Психолог Фатима Сағымбекқызы Ташимованың мерейтойыFarabi University

Психолог Фатима Сағымбекқызы Ташимованың мерейтойы

12 қаңтар, 2026

Психология ғылымдарының докторы, доцент, психологиялық технологиялар мен инновациялар орталығының директоры Фатима Сағымбекқызы Ташимова – 70 жаста.

2026 жылғы 12 қаңтарда психология ғылымдарының докторы, доцент, психологиялық технологиялар мен инновациялар орталығының директоры Фатима Сағымбекқызы Ташимова 70 жасқа толды.

Философия және саясаттану факультеті, жалпы және қолданбалы психология кафедрасы Фатима Сағымбекқызын мерейтойымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, бақыт, жаңа шығармашылық табыстар мен кәсіби жетістіктер тілейді!

 ***

Фатима Сағымбекқызы Ташимова Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында дүниеге келген. Кәсіби жолын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының студенті ретінде бастаған. Ғылыми биіктерге жету жолы күрделі әрі мазмұнды болды: Павлодар педагогикалық институтында оқытушы болып жұмыс істеді, В. И. Ленин атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтында тағылымдамадан өтті, КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының жалпы және педагогикалық психология ғылыми-зерттеу институтында (Мәскеу), Ересектердің жалпы білім беру ғылыми-зерттеу институтында (Ленинград) және Таллин университетінде (Эстония) аспирантурадан өтті. Кейін Павлодар университетінің Екібастұз филиалында және «Әділет» университетінде кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1995 жылы «Студенттердің оқу мәнінің олардың өмір салты ерекшеліктеріне тәуелділігі» тақырыбында 19.00.01 – Жалпы психология, тұлға психологиясы, психология тарихы, этнопсихология және 19.00.07 – Жас ерекшелік және педагогикалық психология мамандықтары бойынша кандидаттық диссертация қорғады. 2010 жылы 19.00.01 мамандығы бойынша «Мағыналардың субъектілік детерминациясы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

1998 жылы Н. Логинованың шақыруымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы психология кафедрасына оқытушы болып қабылданды. Фатима Сағымбекқызы философия және саясаттану факультетінің психология кафедрасын екі рет басқарды: 2003–2004 жылдары – жалпы психология кафедрасы, 2011–2012 жылдары – жалпы және этникалық психология кафедрасы. Кафедра меңгерушісі ретінде практикалық-бағдарлы психологияны, тренингтік жұмысты дамытуға елеулі үлес қосты.

Оның басшылығы кезеңі ғылыми зерттеулердің белсенділігімен ерекшеленді: кафедра оқытушылары Web of Science және Scopus базаларына енгізілген 34-тен астам мақала жариялады. 2010 жылдардың басында министрліктің «Шақырылған шетелдік профессор» бағдарламасы аясында көптеген шетелдік ғалымдар дәріс оқыды. Атап айтқанда, Ю. Александровтың (Ресей) психофизиология бойынша, Мэн Чунгтың (Ұлыбритания) стресс жағдайындағы совладеуші мінез-құлық мәселелері бойынша және Саба Сафдардың (Канада) этнопсихология саласындағы дәрістері ерекше маңызға ие болды.

Фатима Сағымбекқызы - Қазақстандағы интегративті қолданбалы психологияның тірегіне айналған Психологиялық технологиялар мен инновациялар орталығының негізін қалаушы әрі бастамашысы болып табылады. Орталық әлемдік психологияның түрлі бағыттарындағы жетістіктерге сүйене отырып, Қазақстанның мәдени құндылықтары мен дәстүрлерін ескере отырып, жаңа психотехнологияларды әзірлеу мен бейімдеуге бағытталған.

Орталық жыл сайын Халықаралық қысқы және жазғы психологиялық мектептер ұйымдастырады. Бұл мектептер тәжірибелі психологтар, ғалымдар мен педагогтар арасындағы кәсіби тәжірибе алмасудың шығармашылық алаңына және мамандардың кәсіби шеберлігін жетілдіру институтына айналды.

Сонымен қатар, мерейтой иесі жастардың өзекті мәселелері талқыланатын «Творец» студенттік клубының директоры болып табылады. Студенттер мен түлектер Фатима Сағымбекқызын тәжірибелі психолог, интегративті психолог, зерттеуші және ғалым, ұстаз әрі тәлімгер ретінде үлкен құрметпен атайды. Ол сондай-ақ екі немеренің сүйікті әжесі, психологиялық әулеттің негізін қалаушы.

Фатима Сағымбекқызы мерейтойын іскерлік рухта қарсы алып, 2026 жылғы 28–31 қаңтар аралығында өтетін 8-ші Халықаралық қысқы психологиялық мектепті өткізуде.

Психологиялық технологиялар мен инновациялар орталығы, ұйымдастыратын Халықаралық қысқы мектеп пен интегративті психология бойынша дөңгелек үстел ТДМ  3 «Денсаулық және әл-ауқат» және ТДМ 4 «Баршаға сапалы білім» мақсаттарын іске асыруға үлес қосады.

2026 жылғы 28 қаңтарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кітапханасында өтетін Халықаралық қысқы психологиялық мектепке және Интегративті психология бойынша халықаралық дөңгелек үстелге қатысуға шақырамыз!

 

Психологиялық технологиялар мен инновациялар орталығы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Философия және саясаттану факультеті
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы