Қытайтану кафедрасы мен Сямын университеті арасындағы Қысқы мектеп өз жұмысын бастадыFarabi University

Қытайтану кафедрасы мен Сямын университеті арасындағы Қысқы мектеп өз жұмысын бастады

12 қаңтар, 2026

2026 жылдың 12 қаңтар күні Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасы ұйымдастырған Қысқы мектеп өз жұмысын бастады. «Мәдениеттер тоғысы: Қазақстан мен Қытай» атты офлайн форматта өтіп жатқан мектепке Сямын университетінің (ҚХР) 30-дан аса студенті қатысып жатыр. Бағдарламада Ежелгі Жібек жолы мен қазақ халқының тарихына қытысты, қазақ халқының наным-сеніміне, ұлттық салт дәстүріне, тағамына, киіміне, ойындарына қатысты тақырыптар қамтылған. Себебі қазіргі кезде шетелдік студенттердің арасында қазақ мәдениетіне деген қызығушылық өте жоғары болып тұр. Алдын ала жүргізілген сауалнама бойынша, қытайлық студенттердің талап-тілектері ескеріліп, соның негізінде мектептің бағдарламасы түзілді. Қытайтану кафедрасының оқытушылары қытайлық студенттерге танымдық сипаттағы арнайы дәрістер дайындады.

Курстың мақсаты Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени, тарихи және әлеуметтік байланыстарды терең зерделей отырып, екі елдің жастары арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту, мәдениетаралық коммуникация дағдыларын дамыту, қазіргі кезеңдегі мәдени дипломатияның рөлін арттыру және Қытай университеттерімен арадағы білім және ғылыми байланыстарды жолға қойып, дамыту.

Мектептің ашылу салтанатында Қытайтану кафедрасы менгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Керімбаев Ержан Қазақ-Қытай қарым-қатынастарының стратегиялық серіктес мемлекеттер деңгейіне жеткенін, оның ішінде оқу-ағарту, ғылым-білім саласындағы байланыстар соңғы кезде үлкен қарқын алғанын  атап өтті. Осы ұйымдастырылып отырған мектеп те Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай университеттері арасындағы қатынастардың  жемісі екенін алға тартты.

Қытай студенттерін бастап келген профессор Зың да бұл курстың екі университеттің арасындағы оқу, ғылым, мәдени байланыстардың артуына үлкен ықпал ететініне сенім білдірді.

Қысқы мектеп қаңтардың 26-на дейін жалғасады.