Ұстаз – мәртебелі мамандық. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деген сөз де бар. Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде үлкен жетістікке жеткен, «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі мен университеттің 75 жылдығына арналған медальмен марапатталған ардагер ұстаздарымыздың бірі – ҚазҰУ колледжінде 17 жылдан аса ағылшын тілінен дәріс беріп келе жатқан Майра Кенебаевамен әңгімелескен едік.
– Майра Аханбайқызы, ұстаздық жолға қалай келдіңіз? Жүрек қалауымен бе, әлде кездейсоқ па?
– Анығын айтқанда, бала кезімде модель болуды армандаған едім, алайда оған мамандық ретінде қарай алмадым. Өсе келе, өзіме дәріс берген орыс және ағылшын тілі мұғаліміне еліктеп, ұстаздықты таңдадым. Оқытушылардың өзін-өзі ұстауы, шәкіртімен қарым-қатынасы ерекше ұнайтын. Жалпы, менің ұстаздық еңбек өтілім – 45 жыл. Алғаш еңбек жолымды қазақтың кәсіби музыкасының негізін салушы, композитор, академик Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде аға тәлімгер, ұстаз болып бастадым. Кейіннен интернат меңгерушісі, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 2006 жылдан бері ҚазҰУ колледжінде ағылшын тілі пәнінен дәріс беріп келемін.
– Құндылықтар өзгеріп жатқан заманда, сіздіңше, ұстаз деген кім және қандай болуы керек?
– Үйдің іргетасының мықты, әдемі болуы сәулеткердің қолында болса, баланың келешегі – ұстаздың қолында, сондықтан мен ұстазды рухани сәулеткер дер едім. Әлеуметтік жағдайы дамыған елдің тағдыры білімді, тәрбиелі жастардың қолында, ал бұл жағдайда барлық жауапкершілік ұстаз мойнына түседі. Демек, Жер шарындағы халықтың әл-ауқаты мен тұрмысының қаншалықты дәрежеде дамуы ұстаздардың тізгінінде деп санаймын. Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау. Өзін ұстаздыққа арнаған адам өмірінің соңына дейін құрмет-қошеметке ие болмақ. Нағыз ұстаз бөтеннің баласын сүйе біледі, оның келешегі мен бақыты үшін оған жанашырлықпен қарайды. «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деп Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, кез келген ұстаз тәрбие мен білімді бөлмей, қатар ұстауы тиіс. Ал жалқаулық, өркөкіректік, қаталдық мұғалімге жат, өз мамандығын сүйгендіктен емес, тек өмір сүру қажеттілігін қанағаттандыру үшін жасаған таңдау.
– Бұрынғы оқушылар мен қазіргілердің айырмашылығы бар ма?
– Бұрынғы мен қазіргі балалардың физиологиясында ешқандай өзгеріс жоқ. Қазір тұрмыс пен сана өзгерген. Қазіргі балалар өте еркін, жан-жақты, ақпаратты өте жылдам қабылдайды. Ішкі еркіндігі дамыған, өз ойын еркін жеткізе алатын, өздігінен іздену мен пікірталас мәдениеті дамыған, жаңалыққа жаны құмар, іскер, ұлттық және қоғамдық құндылықты сыйлап, қадірлейтін, тәуелсіздік үшін кез келген кертартпа күштерге төтеп бере алатын тәуелсіз азаматтар.
– Жастардың мамандықты қалай таңдағаны жөн?
– Қабілеті мен бейіміне сай таңдағаны абзал. Мысалы, суретші, ақын, музыкант болу – қанмен келетін өнер, адам өздігінен сурет салып, ақын болып кете алмайды. Ал мұғалім, дәрігер мамандықтарын игеру үшін отбасында осы мамандық иелері болса, баласына мамандық таңдауда қателеспеуіне септігін тигізер еді. Олай дейтінім, осы аталған мамандықтарды ЖОО-да төрт жыл оқытады, ал адамгершілік қасиеті ана сүтімен беріледі. Оған қоса, отбасындағы мамандық иелерінен тәжірибе алмасып үйренері де көп болар еді деп ойлаймын.
– Ардагер, ұлағатты ұстаз ретінде жас мұғалімдерге не айтар едіңіз?
– Әр істі жүректің қалауымен жасаған абзал, себебі әр жұмыстың өзіне тән қиындығы болады. Ешқашан мойымай, қалаған мамандығыңның жемісін көру үшін уақытпен санаспай еңбек еткен жөн. Өйткені сіздердің алдарыңызда өміріміздің аса бағалы иелері, еліміздің ертеңі, жас өркендеріміз отыр. Сондықтан оларды жаңа заманға сай білім нәрімен сусындатып қана қоймай, жүрегіңмен сүйе біл әрі қазақи болмысымызбен тәрбиелеуге атсалысыңдар дегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Гүлжан ИДРИСОВА,
ҚазҰУ колледжі директорының
оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Басқа жаңалықтар