Ұстаз – рухани сәулеткерFarabi University

Ұстаз – рухани сәулеткер

20 қаңтар, 2026

Ұстаз – мәртебелі мамандық. «Ұстаз болу – жүректің батыр­лығы» деген сөз де бар. Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде үлкен жетістікке жеткен, «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі мен университеттің 75 жылдығына арналған медальмен мара­пат­талған ардагер ұстаздарымыздың бірі – ҚазҰУ колледжінде 17 жылдан аса ағылшын тілінен дәріс беріп келе жатқан Майра Кенебаевамен әңгімелескен едік. 

– Майра Аханбайқызы, ұстаздық жолға қалай кел­діңіз? Жүрек қалауымен бе, әлде кездейсоқ па?

– Анығын айтқанда, бала ке­зімде модель болуды армандаған едім, алайда оған мамандық ре­тінде қарай алмадым. Өсе келе, өзіме дәріс берген орыс және ағылшын тілі мұғаліміне еліктеп, ұстаздықты таңдадым. Оқытушы­лар­дың өзін-өзі ұстауы, шәкір­ті­мен қарым-қатынасы ерекше ұнай­тын. Жалпы, менің ұстаздық еңбек өтілім – 45 жыл. Алғаш еңбек жолымды қазақтың кәсіби музыкасының негізін салушы, композитор, академик Ахмет Жұ­банов атындағы дарынды ба­ла­ларға арналған музыка мек­те­бін­де аға тәлімгер, ұстаз болып бастадым. Кейіннен интернат меңгерушісі, директордың тәр­бие жөніндегі орынбасары қыз­ме­тін атқардым. 2006 жылдан бері ҚазҰУ колледжінде ағылшын тілі пәнінен дәріс беріп келемін.

 

– Құндылықтар өзгеріп жатқан заманда, сіздіңше, ұстаз деген кім және қандай болуы керек?

– Үйдің іргетасының мықты, әдемі болуы сәулеткердің қо­лын­да болса, баланың келешегі – ұстаздың қолында, сондықтан мен ұстазды рухани сәулеткер дер едім. Әлеуметтік жағдайы дамыған елдің тағдыры білімді, тәрбиелі жастардың қолында, ал бұл жағдайда барлық жауап­кер­шілік ұстаз мойнына түседі. Де­мек, Жер шарындағы халықтың әл-ауқаты мен тұрмысының қан­ша­лықты дәрежеде дамуы ұстаз­дар­дың тізгінінде деп санаймын. Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өз­генің бақытын аялау. Өзін ұс­таз­дыққа арнаған адам өмірінің соңына дейін құрмет-қошеметке ие болмақ. Нағыз ұстаз бөтеннің баласын сүйе біледі, оның ке­ле­ше­гі мен бақыты үшін оған жан­ашыр­лықпен қарайды. «Тәрбиесіз бер­ген білім – адамзаттың қас жауы» деп Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, кез келген ұстаз тәр­бие мен білімді бөлмей, қатар ұс­тауы тиіс. Ал жалқаулық, өр­кө­кіректік, қаталдық мұғалімге жат, өз мамандығын сүйгендіктен емес, тек өмір сүру қажеттілігін қа­нағаттандыру үшін жасаған таң­дау.

 

– Бұрынғы оқушылар мен қазіргілердің айырма­шылығы бар ма?

– Бұрынғы мен қазіргі бала­лар­дың физиологиясында еш­қандай өзгеріс жоқ. Қазір тұрмыс пен сана өзгерген. Қазіргі бала­лар өте еркін, жан-жақты, ақпа­рат­ты өте жылдам қабылдайды. Ішкі еркіндігі дамыған, өз ойын еркін жеткізе алатын, өздігінен іздену мен пікірталас мәдениеті дамыған, жаңалыққа жаны құмар, іскер, ұлттық және қоғамдық құн­ды­лықты сыйлап, қадірлейтін, тәуел­сіздік үшін кез келген кер­тарт­па күштерге төтеп бере алатын тәуелсіз азаматтар.

 

– Жастардың маман­дық­ты қалай таңдағаны жөн?

– Қабілеті мен бейіміне сай таңдағаны абзал. Мысалы, су­рет­ші, ақын, музыкант болу – қанмен келетін өнер, адам өздігінен сурет салып, ақын болып кете алмайды. Ал мұғалім, дәрігер маман­дық­тарын игеру үшін отбасында осы мамандық иелері болса, ба­ла­сына мамандық таңдауда қате­лес­пеуіне септігін тигізер еді. Олай дейтінім, осы аталған ма­ман­дықтарды ЖОО-да төрт жыл оқытады, ал адамгершілік қасиеті ана сүтімен беріледі. Оған қоса, отбасындағы мамандық иеле­рі­нен тәжірибе алмасып үйренері де көп болар еді деп ойлаймын. 

 

– Ардагер, ұлағатты ұс­таз ретінде жас мұғалім­дер­ге не айтар едіңіз?

– Әр істі жүректің қалауымен жасаған абзал, себебі әр жұ­мыс­тың өзіне тән қиындығы болады. Ешқашан мойымай, қалаған ма­ман­дығыңның жемісін көру үшін уақытпен санаспай еңбек еткен жөн. Өйткені сіздердің алда­ры­ңыз­да өміріміздің аса бағалы ие­лері, еліміздің ертеңі, жас өр­кен­деріміз отыр. Сондықтан оларды жаңа заманға сай білім нәрімен сусындатып қана қоймай, жү­ре­гің­мен сүйе біл әрі қазақи бол­мысымызбен тәрбиелеуге ат­са­лысыңдар дегім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет. 

Сұхбаттасқан

Гүлжан ИДРИСОВА,

ҚазҰУ колледжі директорының

оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Басқа жаңалықтар