Кешенді конституциялық трансформация – демократияға жасалған қадам Кешенді конституциялық трансформация – елдің саяси жаңғыруының жаңа кезеңіFarabi University

Кешенді конституциялық трансформация – демократияға жасалған қадам Кешенді конституциялық трансформация – елдің саяси жаңғыруының жаңа кезеңі

30 қаңтар, 2026

Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған ресми саяси бағыттың тұжырымдамалық негіздеріне барынша сәйкес келтіру мақсатында елдің Негізгі заңын өзгертуге бағытталған алдағы конституциялық реформаның негізгі контурлары айқындалды.

Мемлекет басшысы алдағы Конституциялық реформа елдің дамуына оң серпін беретінін, оның саяси жүйені терең жаңғыртуға және мемлекеттегі адамның рөлін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Президент тарапынан алдағы конституциялық реформаға қатысты айтылған тезистер елімізде шынайы демократиялық қоғам құру бағытына бет алғанын көрсетеді.

Өз кезегінде, Комиссияның жұмысы Конституциялық реформаның маңызды әрі айрықша қадамы болып табылады. Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мәслихат төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері, сондай-ақ сараптамалық және ғылыми қауымдастық өкілдері енеді. Конституциялық комиссия мүшелері Негізгі заңның жекелеген нормаларын, баптары мен бөлімдерін жан-жақты талдап, ұсынылып отырған өзгерістердің құқықтық аспектілерін талқылап, қорытынды ұсынымдар енгізуде. Бүгінгі таңда реформаның басты міндеті – халықтың мүддесін қорғауға қабілетті және уақыт сынынан өте алатын мінсіз заңнамалық жүйені қалыптастыру.

2026 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Конституциясына енгізілетін түзетулердің жиынтық жобасы Конституциялық реформа жөніндегі Комиссия мүшелеріне таныстырылды. Жаңартылған Конституция жобасында кіріспе, 11 бөлім және 104 бап қамтылған. Екі жаңа бөлім – «Халықтық кеңес» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» енгізілді. Сонымен қатар, төрт бөлімнің атауы өзгертілді.

Жалпы алғанда, өзгерістер мен толықтырулар Негізгі заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзету енгізілді, бұл Конституция мәтінінің 84 пайызын құрайды.

Жиынтық жобада көрсетілген жаңашылдықтар Қазақстанның конституциялық негізіне тікелей әсер етіп, Негізгі заңның келбетін түбегейлі өзгертеді және одан әрі институционалдық әрі құрылымдық қайта құрулар үшін зор әлеуетке ие. Сонымен қатар, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын іске асыру және қорғау кепілдіктері күшейтілуде, бұл Конституция мазмұнының түбегейлі жаңарғанын айғақтайды.

Қазақстандағы конституциялық реформа ел дамуының бетбұрыс кезеңіне айналды. Саясаттанушылардың пікірінше, бұл реформа саяси жүйені терең жаңғыртуға және мемлекеттегі адамның рөлін арттыруға бағытталған.

Ережепова А.А.,

Экономика кафедрасының ассистент-профессоры