- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы мәдени-әлеуметтік құндылықтар және адами капиталға негізделген өркениеттік даму моделі»
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы мәдени-әлеуметтік құндылықтар және адами капиталға негізделген өркениеттік даму моделі»
31 қаңтар, 2026
Ұсынылып отырған Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа мәтіні мемлекеттің құндылықтық бағдарын қайта айқындайтын маңызды тарихи құжат ретінде бағалануға тиіс. Мәдениеттанушы-сарапшы ретінде атап өтетін басты ерекшелік – Ата Заңның идеялық өзегіне білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияның стратегиялық деңгейде шығарылуы. Бұл – Қазақстан дамуының шикізаттық парадигмасынан адами капиталға негізделген өркениеттік модельге бет бұрғанын көрсететін түбегейлі мәдени-философиялық шешім. Конституцияның кіріспесінде және 1, 3-баптарында көрініс тапқан «Әділетті Қазақстан» идеясы мәдени-әлеуметтік тұрғыдан қоғамдағы сенім мәдениетін, құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. «Заң мен Тәртіп» қағидаты тек құқықтық нормалар жиынтығы емес, сонымен қатар қоғамдық мәдениеттің, әлеуметтік тәртіп пен өзара құрметтің іргетасы ретінде ұсынылуы – қазіргі заман талаптарына толық сай. 3-баптың 1-тармағында көрсетілген қағидаттар – еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау – мәдени саясаттың конституциялық деңгейде бекітілуін білдіреді. Бұл нормалар мәдениетті тек рухани сала емес, ұлттың тұрақты дамуының ресурсы ретінде тануға мүмкіндік береді. Ата Заңда адам капиталы, білім, ғылым және инновация мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалуы – мәдениеттанулық тұрғыдан ерекше маңызды. Себебі қазіргі жаһандық өркениетте мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі табиғи байлықпен емес, интеллектуалдық әлеуетпен, мәдени шығармашылықпен және білім сапасымен өлшенеді. Дін мен мемлекеттің ара-жігінің нақты ажыратылып, білім беру жүйесінің зайырлы сипатының айқындалуы – көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан қоғамындағы мәдени тепе-теңдікті сақтаудың маңызды кепілі. Бұл қағида дүниетанымдық плюрализмді, ғылыми ойлау еркіндігін және мәдени әртүрлілікті қорғауға бағытталған. Неке институтына қатысты енгізілген норма дәстүрлі мәдени құндылықтарды құқықтық тұрғыда бекіте отырып, әйел мен ер адамның тең құқықтылығы қағидатын нақтылай түседі. Бұл шешім мәдени дәстүр мен заманауи құқықтық мәдениеттің өзара үйлесімін көрсетеді. 22-бапта бекітілген этникалық өзін-өзі айқындау, ана тілі мен төл мәдениетті еркін қолдану құқығы – мәдени әртүрлілікті сақтау мен мәдени инклюзияның маңызды тетігі. Бұл норма Қазақстандағы мәдени саясаттың гуманистік сипатын күшейтеді. 33-баптағы білім беру саласына қатысты ережелер мәдени капиталды қалыптастырудың институционалдық негізін қалайды. Білім мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты қоғамда ортақ азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға қызмет етеді. 40-бапта азаматтардың тарихи және мәдени мұраны сақтау жөніндегі міндетінің бекітілуі – мәдениетке тұтынушылық емес, жауапты қатынас мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бұл норма әрбір азаматты ұлттық мәдени мұраның сақтаушысы ретінде таниды.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы мәдени-әлеуметтік құндылықтарды мемлекеттің стратегиялық дамуының өзегіне айналдырып отыр. Бұл құжат Қазақстанды әділетті, мәдениеті жоғары, білімге негізделген және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін өркениетті мемлекет ретінде қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам деп бағаланады.