Қазақстанның жаңа Конституциясы туралы пікірFarabi University

Қазақстанның жаңа Конституциясы туралы пікір

2 ақпан, 2026

Конституция - Қазақстан Республикасының негізгі Заңы. Әрбір адам Конституцияны мемлекеттің өміріндегі маңызды оқиға ретінде қабылдауы тиіс. Конституция - ең алдымен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының жүйесін айқындайтын әрі бекітетін құжат. Сол арқылы олардың орындалуына кепілдік беріп, мемлекеттің тұтастығы мен дамуын, гүлденуін қамтамасыз етеді. Жаңа Конституция адам құқықтарының іргелі кепілдіктерін күшейтеді. Мысалы, өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке басының қол сұғылмаушылығы, цифрлық дәуірдегі дербес деректерді қорғау, «Миранда қағидасын» бекіту сияқты нормалар көрсетілген. Сондай-ақ жобада сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігі, зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне қатысты ережелер қамтылған. Жаңа Конституцияның өзекті идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар айқындалған. Бұл бағыттарды белгілеу кездейсоқ емес, керісінше Қазақстанның одан әрі дамуы үшін аса қажет. Күн сайынғы технологиялық ілгерілеу бүкіл планетаның болашақ өмір сүру парадигмасын өзгертіп отырған тез өзгермелі әлемде басты ресурс пайдалы қазбалар емес, адамдар болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияда адами капиталды дамытуға басымдық беру - әлемдік сахнаның алдыңғы қатарына шығып, дамыған елдер қатарынан өз орнын алуға мүмкіндік. Ғылымның дамуы технологиялық серпіліске қуатты түрткі береді, жаңа нарықтар қалыптастырады, капитал тартады, тиісінше халықтың жалпы әл-ауқатын арттырады. Бұдан бөлек, бұл мемлекеттің адамдарға үнемі инвестиция салып, ғылым мен білім беру жүйесін дамытып, ұлт сапасын тұрақты түрде көтеруге ниетті екенін көрсетеді. Сондай-ақ ғылымды дамыту мен инновация рухына жасалған екпіннің белгілі бір философиялық мәні бар екенін атап өткен жөн: бұл ұлттың жекелеген элементтерге байланып қалмай, жаңа оң өзгерістерге дайын болу ниетін білдіреді.

Бұдан өзге, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша назар аударылған. Діннің мемлекеттен бөліну қағидаты бекітіледі. Рухани және діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипаты белгіленеді. Сонымен бірге, некенің ерікті және ер мен әйелдің тең құқықты одағы екені жөніндегі норма енгізіледі. Мұндай тәсіл әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге және дәстүрлі құндылықтарды қорғауға бағытталған. Конституция жобасының жаңалықтарының қатарында Қазақстан халқының егемендіктің бірден-бір иесі ретінде бекітілуі туралы норма бар. Сондай-ақ «республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» болып өзгертілген. Халық билікті тікелей жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асыратыны, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға делегаттайтыны жөніндегі норма тұжырымдалған.

Конституция жобасы - алты ай бойы белгілі заңгерлер, сарапшылар қауымдастығының өкілдері және депутаттар жүргізген тынымсыз еңбектің нәтижесі. Негізгі заңға енгізілетін ұсыныстар барлық бөлімдерді және 77 бапты қамтыды, бұл қолданыстағы Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды.

Конституция жобасының негізгі жаңалықтарының қатарында мыналарды да атап өтуге болады:

·         145 депутаттан тұратын және жаңа, кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы жаңа Парламент - Құрылтайды құру. Оны қалыптастыруда пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жыл болады.

·         Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытуға, олардың институционалдық рөлін арттыруға және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді.

·         Жалпыұлттық диалогтың жаңа платформасы - Қазақстанның Халық Кеңесін құру. Бұл ҚР халқының мүддесін білдіретін, заң шығару бастамасы құқығына ие жоғары консультативтік орган болады.

·         Вице-Президент институтын құру. Ол ҚР Президенті атынан Қазақстанның және шетел мемлекеттерінің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды.

·         Зияткерлік меншікті қорғау.

Жаңа Конституция жобасы қоғам мен мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттеріне жауап береді. Ол Қазақстанда қалыптасқан мемлекеттік негіздерді қайта бекіте отырып, «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының логикасына сай екпіндерді күшейтеді. Жобада көзделген қағидаттар мемлекет пен қоғам эволюциясының сапалық тұрғыдан жаңа кезеңін бастауға негіз қалайды.

 

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жалпы және бейорганикалық химия

                                                                                                                                      кафедрасының доценті Бейсембаева Л.К.