VII Халықаралық семинарда спикер ретінде қатысуFarabi University

VII Халықаралық семинарда спикер ретінде қатысу

5 ақпан, 2026

VII Халықаралық семинарда спикер ретінде қатысу

2026 жылғы 5 ақпанда «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының ұйымдастыруымен «ТӘРБИЕ. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ. ИННОВАЦИЯ» атты VII Халықаралық семинары өтті. Семинар тақырыбы – «Оқу процесіне жасанды интеллектіні кіріктіру».

Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, «Бөбек» орталығының қызметкерлері, шетелдік серіктестер, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект» факультеті, «Жасанды интеллект және Big Data» кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Мансурова Мадина Есимхановна семинардың пленарлық отырысында баяндама жасады. 

Баяндама тақырыбы:
«Үлкен тілдік модельдердің білім беру саласындағы шешім қабылдау үдерісін оңтайландырудағы рөлі».

Спикер өз сөзінде үлкен тілдік модельдердің (LLM) білім беру жүйесіндегі аналитикалық мүмкіндіктері, деректерге негізделген шешім қабылдау, білім сапасын арттыру және оқу процесін жекелендіру бағыттарындағы әлеуетін атап өтті. Сонымен қатар, жасанды интеллектіні оқу процесіне интеграциялау кезіндегі академиялық адалдық, цифрлық этика және педагогтердің жаңа құзыреттерін дамыту мәселелері талқыланды.

Семинар аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, Қазақстан мен шетелдегі білім берудегі озық тәжірибелермен танысты.

Іс-шара қорытындысы бойынша Мансурова Мадина Есимхановнаға VII Халықаралық семинар спикері ретінде қатысқаны туралы ресми сертификат табысталды.

Аталған халықаралық алаң білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау, жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану және педагогикалық инновацияларды дамыту бағытындағы кәсіби диалогты нығайтуға ықпал етті.