Алматы ақшамы

29 сәуір, 2016

Ертең ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР 2015 жылғы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, өрістің кванттық теориясы саласындағы аса ірі маман, кванттық хромодинамикадағы жаңаша ғылыми бағыттың негізін салған біртуар физик-теоретик Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов 70 жылдық мерейтойын және ғылыми-педагогикалық қызметінің 50 жылдығын атап өтеді.   Мүшел жаста медаль алған   Мерейтой иесі Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов – мемлекеттік деңгейде лайықты жоғары бағасын алған біртуар азамат. Оның дәлелі – ізденіс пен жетістіктерге толы еңбек және ғылыми шығарма­шылық жолы. 1946 жылы 29 сәуірде Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл атындағы ауылда дүниеге келген Төлеген Әбдісағиұлы мектеп қабырғасында-ақ өзінің ерекше қабілеттері мен зеректігін байқатты. 13 жасында қазақ мектептерінен бірден-бір болып, республиканың 20 дарынды балаларының қатарында екі айға Бүкілодақтық «Артек» пионерлер лагеріне барып, «Фестиваль лауреаты. Артек» алтын медалін иеленген еді. 16 жасында мектепті экстернмен бітіріп, С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің физика факуль­тетіне оқуға түсті. Үздік оқумен қатар дойбы, шахмат, классикалық күрес пен ауыр атлетиканы еркін меңгеріп, баян, тальянка, домбыра және пианино тәрізді әр алуан музыкалық аспаптарда да шебер ойнаған студент тез арада өз курстастарының, кейін бүкіл факультет студенттерінің көшбасшысына айналды. Екінші курстан Лениндік стипендиат болып, ғылыммен белсенді түрде айналысты. Оның жазған дипломдық жұмысына сын-пікір жазған, көп уақыт өтпей ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі болған ф.-м.ғ.д., профессор В.А. Сапа «Бұл жұмыс дайын кандидат­тық диссертация ғой, оқу бітірген соң маған аспирантураға кел» деп өз таңғалысы мен ризашылығын білдірген екен. Университетті теориялық физика кафедрасы бойынша үздік бітіріп, 21 жасында аты аңызға айналған КСРО ҒА А.Ф. Иоффе атындағы Ленинград ФТИ-ның дәстүрлі екі жылдық алдын-ала ғылыми тағылым­дамасынан өтпестен аспиранты болды. Бұл физтех тарихында бұрын-соңды бол­маған оқиға еді. Ол Л.Д. Ландау мен Е.М. Лифшицтың танымал он томдық теориялық физика курсы бойынша 11 емтиханнан тұратын Ландау теориялық минимумын толық көлемде тапсырған бірінші қазақстандық. Ол кандидаттық диссертациясын атом ядросы теориясы бойынша қорғап, 1970-1998 жж. С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің физика факультетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, факультет деканының орынбасары және декан, өзі құрған ҚазМУ аясындағы Экспериментальдық және теориялық физика ҒЗИ (ЭТФ ҒЗИ) директоры, 1998-2001 жж. І.Жансүгіров атындағы Талдықорған университеті (Жетісу мемлекеттік университеті) ректоры, ал 2001-2008 жж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры қызметтерін атқарды. Т.Қожамқұловтың шындығында да энциклопе­диялық білімі оның сөзсіз жетістіктерге жетуін қамтамасыз етті. «Кванттық механика», «Тордағы калибрлеулік теориялар» және тағы басқа теориялық физиканың күрделі бөлімдерін ауқымды әрі терең түрде баяндайтын, қол­же­тімділігі мен мазмұнды­лығымен ерекшеленетін Т.Қо­жамқұловтың лекция­лары тыңдаушылардың заманауи теориялық физикаға деген өшпес қызығушы­лығын оятып, терең түсінігін негіздеді. Бұл лекциялар тыңдаушылардың «төре физиктер» ретінде қалыптасуына үлкен септігін тигізді. Сонымен қатар, Т.Қожамқұлов өз сала­сында ғылыммен айналысып қана қоймай, аспи­ранттар мен әріптестерінің диссертациялық жұмыс­тарына байланысты теориялық физиканың күрделі мәселелерін шешуде өз көмегін аямай, нақты сыншыл баға беруі фа­куль­теттегі ғылыми жұмыстар деңгейін Кеңес одағындағы жетекші ғылыми мекемелерге қойылатын талаптарға сәйкес болуына көп үлес қос­ты. Ол теориялық физика са­ласы бойынша «Квант­тық механика», «Электро­динамика» және тағы басқа тақырыптарда көптеген оқулықтар мен оқу құрал­дарын жариялаған. Оның атсалысуымен Л.Д.Ландау мен Е.М.Лифшицтың он томдық теориялық фи­зика курсы қазақ тіліне аударылып, баспадан жарық көруде.   Әлем мойындаған ғалым   Оның ғылымдағы табиғи талантының жарқырап ашылуында КСРО ҒА Б. П. Константинов атындағы ЛЯФИ-дың жыл сайынғы мектебі және ұстазы, Нобель сыйлығының Лауреаты Л.Д.Ландаудың серіктесі академик А.Б. Мигдалдың теориялық семинарлары баға жетпес рөл атқарды. Т.Қожамқұлов – КСРО ҒА Л.Д.Ландау атын­дағы Теориялық физика институтының элитарлық физик-теоретиктері ғылыми ортасы қабылдаған жалғыз отандасымыз. Ол калибрлеулік өрістерді стохасти­калық кванттау атты жаңа ғылыми бағытты дамытты. 1986 ж. Т.Қожамқұлов КСРО-да тұңғыш рет УКСР ҒА Теориялық физика институтында торлық калибрлік теория бойынша «Калибрлеулік өрісті торларда стохастикалық кванттау» тақыры­бындағы докторлық диссертация­сын қорғады. Т.Қожамқұлов Л.Д. Ландау атындағы теориялық физика институты (ТФИ) (Черноголовка қ.), Біріккен ядролық зерттеулер институты (Дубна қ.), Ресей Ғылым академиясының төралқасы жанындағы Кибернетиканың Ғылыми кеңесі (Мәскеу қ.), Б.П. Константинов атындағы Ядролық физика институты (ЯФИ) (Санкт-Петербург қ.), Украина Ғылым академиясының Теориялық физика институты (Киев қ.) және т.б. ірі шетелдік физика инсти­тут­тарымен ғылыми бірлестікте жұмыс атқарып келеді, сондай-ақ, халықаралық конферен­циялар мен симпозиум­дарға (Ұлыбритания, Германия, Жапония, АҚШ, Қытай, Швейцария, Ресей және т.б) үнемі белсенді қатысады. Ол қатарында ғылымның ең жаңа бағыты бойынша құнды тұңғыш еңбек ретінде әлемнің ғылыми қоғамымен кеңінен мойындалған «Өріс теориясындағы стохастикалық кванттау» бар үш монографияның авторы. Халықаралық және республикалық мамандандырылған реферилене­тін басылымдарда физиканың кванттық хромо­динамика, ядро және элементар бөлшектер тео­рия­сы, салыстырмалық және гравитация тео­риясы сияқты салалары бойынша 300-ге жуық ғылыми еңбектерін жариялаған академик Т.Қожамқұлов дүние жүзі мойындаған танымал ғылыми мектеп құрды. Оның шәкірттері мен ізбасарлары Ресей, АҚШ, Австрия, Франция, Израиль, Ұлыбритания, Италия, Япония және т.б. шет елдердің ғылыми орталықтарында жемісті еңбек етуде. Төлеген Әбдісағиұлының ғылыми-педагоги­калық же­тіс­тіктерімен қоса қоғамдық және әкімшілік-ұйымдас­тырушылық қызметіндегі ауқымды істері өздігінен бір төбе. Ол Қазақстанда ЖОО жанындағы алғашқы ҒЗИ болған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Экспери­ментал­ьдық және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты­ның құрушысы және алғашқы директоры. Академиктің «қол­тумасы» оның басқа жетістіктерін кемітпестен шығар­машылық және ғылыми қызметінің басты мағынасына айналды. Қай қызметте болмасын, қай жерде жұмыс жаса­масын, оның инсти­тутпен ғылыми байланысы ешқашан үзілмеді. Ол бағдарлама­лармен, жобалармен және инсти­тутпен ғылыми жетекшілік жасады. Академик Т.Қо­жамқұлов институтта жүзеге асырылып жатқан «Бейсызық үрдістер және заттардың құры­лымдық өзін өзі ұйымдас­тыруы» атты Республикалық жоғары оқу орындарыаралық ізденістік және қолданбалы зерттеулер бағдарла­масының, сондай-ақ, «Гравитациялық, электро­магниттік, күшті және әлсіз әсерлесулерді тео­рия­лық зерттеу» атты іргелі зерттеулердің басым­дылық бағыттары бойынша Ұлттық ғылыми бағ­дарламасының бас жасау­шысы және ғылыми жетекшісі болды. Қазіргі уақытта «Заманауи физиканың іргелі мәселе­лерін ҚР индустриялы-инновациялық дамуы­ның негізі ретінде зерттеу» атты бағдарламаның тең жетек­шісі болып табылады. Көрнекті оқиға ретінде 2015 жылы институттың алты қызмет­кері – Т.Қожам­құловты санағанда физик­тердің үш буыны ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары болға­нын айтсақ болады. Мұндай жоғары жетістікке мемлекетіміздің ешбір ғылыми немесе басқа мекемелері ие болмаған.   Жаңашыл декан   Төлеген Әбдісағиұлының декандық қызметте болған кезі Кеңес одағының ыдырап, еліміздің жаңа формацияға өту кезеңіне сәйкес келді. Ол факультетте заман ағымына сай құрылымдық өзгертулер жасады. 10 қуаты аз кафедра­дан 6 ірі заманауи кафед­ралар құрап, жаңадан құрылған, өзі директоры болған ЭТФҒЗИ және Физика факультеті үйлесімді түрде жұмыс жасай­тындай етіп құрылымдарын сәйкестендірді. Осылайша факультет өмірінде жаңа дәуір басталды. 1992 жылы елі­мізде бірінші болып жаңа 4 жыл­дық бакалавр бағдар­ламасы бойынша оқыту бас­талып, 1995 жылы магистратура ашылды. Оқу бағдарламалары мен сағаттары өзгертіліп, өтпелі заманның басталған ша­ғын­да ұжымды жаңа сарынға түсіру сияқты өте қиын мәселелерді Төлеген Әбдісағиұлы өзінің табиғи сезімтал­дығы мен көрегендігі арқасында шеше білді. Ол декандық қызметте факультеттің оқу-ғылым жүй­есін толығымен жаңа жолға түсіріп, осы кездегі жетістіктерінің негізін қа­лады. Факуль­тетте жаңа ғылыми бағыттар мен зертханалар ашылып, оқытушы-ғалымдар Халықаралық және респуб­ли­калық гранттарды жеңіп ала бастады. 1998 жылы Т.Қожамқұлов І. Жансүгіров атындағы Талдықорған университетінің ректоры болып тағайын­далды. Оның ректор болған жылдары бұл университет барлық жағынан құлпы­рып, І. Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік университеті статусына ие болды. Ол университет ұжы­мының бірлігін нығай­тып, материалдық жағдай­ын көтерді. Өз қызметтік міндеттерін сапалы түрде орындауды талап етумен қатар шығармашылық ат­мосфера орнауына жағдай жасады. Бірнеше ғана жыл ішінде ол оқу ғимараттарын кеңейтіп, кітапхана мен жатақханаларды қалпына келтірді. Уни­верситеттің қа­рапайым спортзалы гим­настика, күрес, волейбол және баскетбол және т.б. секциялары бойынша ар­найы залдары бар спорт ке­шеніне айналды. Балқаш көлінің жағасында Спорт-сауықтыру лагерін сал­дырып, универси­теттің ма­териалды-техникалық негізін едәуір жоғарылатты.   Реформатор ректор   2001 ж. Мемлекетіміздің ЖОО арасындағы көшбас­шысы — әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ тізгінін алған соң Т.Қожам­құлов уни­верситетті жоғары халық­аралық деңгейге көтерді. 2003 ж. Т.Қо­жамқұлов Болонья қ. (Италия) уни­вер­ситет­тердің Ұлы Хар­тиясына қол қойды. Сол арқылы ҚазҰУ Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш ЖОО – Болонья­лық үрдістің толық­құқықты қатысушысы болды және сол арқылы Қазақ­станның Жоғары мектебінің заманауи әлемдік білім беру кеңістігіне тікелей интеграциялануына жол салды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауы арқылы ректор Т.Қожамқұловтың бастамасымен ҚазҰУ қалашығының көп жылға жұмысы тоқтап қалған іргелі-ғылыми кітапхана, оқу-зертханалық корпустар, дәріс және спорт залдары, жатақханалар және т.б. 14 нысанды қам­титын ІІ кезеңінің құрылысы қайта жандан­дырылды. Құрылыстың Бірінші тасын 2004 жылдың 8 қыркүйегінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев қалады. Бұл университетті ха­лықаралық стан­дарттардың талаптарына сай дамыту жолындағы заманауи шешім болды. 2005 ж. университет бакалаврлар мен магис­трларды дайындаудың кредиттік технологиясына толық өтті. Сол жылы елімізде тұңғыш рет ҚазҰУ-да әлемнің ең ірі университеттерінің жетекші ғалымдарының қатысуымен «сэндвич-бағдарлама» бойынша PhD – ғылым доктор­ларын дайындау басталды. 67 мамандық бойынша док­торлық диссертациялар қорғаудың 25 маманданды­рылған кеңестері жұмыс жасады. Қазақстан-Үнді ақпарат­тық технологиялар орталығы, Қытай тілі орталығы, Еуропалық құжаттама орталығы және т.б. ашылды. 2006 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жетістіктерінің жарқын көрсеткіші ретінде ЖОО ішінде тұңғыш рет ҚР Президенті Н.Ә.Назар­баевтың тапсыруымен «Алтын сапа» сыйлығын иеленді. Алдында Өмірбек Арсланұлы ғана жүзеге асыра алған шара — университет қызмет­керлеріне жалпы ауданы 7000 ш.м. болатын 118 пәтер беру сияқты ұжымның ризашылығын туғызған игі істер жасалды. 2008 ж. қарай ҚазҰУ-дің 14 факультет, 102 кафедра, 7 ҒЗИ, 12 ғылыми орталықтарында ғылым докторлары, профессорлар саны 300-ге, ал ғылым кандидаттары мен доценттер саны 800-ден аса адамға жетті. Т.Қожамқұлов — басты мақсаты жоғары мектепте ғылымның дамуына жәрдемдесу және оның жетістіктерін қоғамның әл-ауқаты мен рухани әлеуетін жоғарылатуға барынша қолдану болып табылатын Қазақстанның жоғары мектебі Ғылым академиясын (ЖМ ХҒА Қазақстандық бөлімшесі) құрудың бастамашыларының бірі. 2008 жылы Т.Қожамқұловтың Қазақстан Республи­касы Ұлттық ғылым академиясының академигі, 2002-2012 жж. – Төралқа мүшесі бо­лып, ал 2005-2012 жж. Қа­зақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-прези­дент­тігіне сайлануы, 2014 жылы Мемлекет алдында сіңірген еңбегі үшін Т.Қожамқұлов ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, ал 2004 жылы «Парасат» орденімен ма­рапат­талғаны сөзсіз оның ғылыми абыройының бейнесі болып табылады. Академик Т.Қожамқұлов бірқатар жетекші шет ел университеттерінің Құрметті профессоры болып табылады. Төлеген Әбдісағиұлының жемісті әкелік махаббаты да ерекше. Әсіресе, кіші ұлы Рахат-Биді мәпелеуі таңқалдырады. Әншейінде көпшілік әкелер ұстанатын, баланы аса назарына ала бермей, қашық ұстайтын қалыпты тәрбие беру жолын ұстамай, жан-тәнімен балаға сене біліп, ерекше мейірім мен қамқор болуы — Рахат-Биді ерке емес, адам болмысы, жараты­лыстағы орны, өмірінің мақсаты толғандыратын, білімге, танымға, ізденіс жолына берілген дарын­ды жас тұлға етіп шығарды. Композиторлығы мен орындаушылық өнері, шығармашылығы пейіл тазалығы мен даналығына сабақтасса, Алла қаласа, керемет рухани сұлулық пен тарихи күшке ие болатын Қазақ азаматы болады деп есептейміз. Кезінде Абай әкесіне «ел мені мойындады, сенен астым ғой» деп әзілдегенінде, Құнанбай қажы «алдымен Абай тәрізді бала тәрбиелеп көр» деген екен. Дарынды балаға әке болудың осы заманғы эталонын Төлеген Әбдісағиұлы жасады десе, артық болмайды. Өмірдегі ата-анаға адал бала, қарамағын­дағыларға қамқор, балаларына абзал әке бола білген Төлеген ағамыздың әлі халқына берері де, одан алар алғысы да көп. Мерейтойыңыз құтты болсын, жанұяңызбен береке-бақытқа кенеліңіз, барлығыңызға баянды ұзақ өмір тілейміз.  

 

Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының Бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы; Медеу Әбішев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы.