ҚазҰУ ғалымдарының Қарасай ауданындағы “Әл-Фараби” мамандандырылған лицейдің шақыртуымен ғылыми кездесуіFarabi University

ҚазҰУ ғалымдарының Қарасай ауданындағы “Әл-Фараби” мамандандырылған лицейдің шақыртуымен ғылыми кездесуі

4 ақпан, 2026

2026 жылдың 4 ақпанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетінің профессор-оқытушылар құрамы Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Әл-Фараби» атындағы мамандандырылған лицейінде ұйымдастырылған Жаратылыстану апталығы аясында өткен «Химия ғылымының заманауи жетістіктері» тақырыбындағы кездесуге арнайы шақырту бойынша қатысты.

Кездесуге Аналитикалық, коллоидтық және сирек элементтер химиясы мен технологиясы кафедрасының ғалымдары — химия ғылымдарының докторы, профессор С.М. Тәжібаева, химия ғылымдарының кандидаттары, қауымдастырылған профессорлар О.А. Есимова, Б.Б. Тюсюпова және М.Ж. Керимкулова қатысты.

 

 

Іс-шара барысында факультет ғалымдары Қазақстандағы химия ғылымының даму бағыттары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми жетістіктері, халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері және талапкерлерге арналған білім беру бағдарламалары туралы мазмұнды ақпарат ұсынды. Сонымен қатар аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы салаларындағы заманауи зерттеулердің өндіріс, экология және жоғары технологиялармен байланысы кеңінен сөз болды.

Кездесу еркін сұхбат форматында өтіп, оқушылар ғалымдарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Жас буынның ғылымға деген қызығушылығы мен белсенділігі ерекше байқалды.

Іс-шара аясында лицей оқушылары қонақтарға арнап «Ертұран» күйін орындап, өз өнерлерін ортаға салды. Бұл ғылым мен өнердің үйлесімді сабақтастығын айқындаған әсерлі сәттердің бірі болды.

Аталған кездесу Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бағытындағы стратегиялық қызметімен үндеседі.

4-мақсат – Сапалы білім беру. Ғалымдардың мектеп оқушыларымен кездесуі ғылыми-ағартушылық жұмысты күшейтіп, жастардың кәсіби бағдарын айқындауға ықпал етеді.

9-мақсат – Индустрия, инновация және инфрақұрылым. Химия саласындағы заманауи зерттеулер инновациялық технологиялардың дамуына негіз болады және ғылыми әлеуетті арттыруға бағытталған.

12 және 13-мақсаттар – Жауапты тұтыну және өндіріс, климаттың өзгеруімен күрес. Факультет ғалымдарының ғылыми бағыттары экологиялық қауіпсіз технологиялар әзірлеуге, ресурстарды тиімді пайдалануға және тұрақты дамуға үлес қосады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мектептермен және білім беру ұйымдарымен өзара ынтымақтастықты нығайта отырып, болашақ зерттеушілерді қалыптастыру және ғылымды насихаттау бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра береді.