Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «The Chemical Challenge» химия олимпиадасыFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «The Chemical Challenge» химия олимпиадасы

11 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ұлттық кітапханасы базасында Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары және докторанттары үшін «The Chemical Challenge» химия олимпиадасы өткізілді. Олимпиаданы Д.В. Сокольский атындағы «Отын, катализ және электрохимия ғылыми-зерттеу институты» АҚ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасымен бірлесіп ұйымдастырды. Олимпиаданың бірінші кезеңі тест тапсырмаларын орындауға, ал екінші кезеңі химия бойынша логикалық сұрақтарды шешуге арналды.

Олимпиада химия саласындағы жастардың үздік өкілдерін анықтауға арналған дәстүрлі алаңға айналып, қалыптасқан дәстүр бойынша көрнекті ғалым, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстандағы ғылымның ірі ұйымдастырушысы Д.В. Сокольскийдің жарқын естелігіне арналды. Олимпиадаға Алматы қаласының жетекші жоғары оқу орындарынан (КБТУ, Satbayev University, Абай атындағы ҚазҰПУ, АТУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) әртүрлі білім беру деңгейіндегі 45 білім алушы қатысты.

Олимпиада қатысушыларына құттықтау сөзін Д.В. Сокольский атындағы «Отын, катализ және электрохимия ғылыми-зерттеу институты» АҚ директоры Абильмагжанов А.З. арнады. Өз сөзінде ол ғылым мен өндірістегі химия, мұнай химиясы, мұнай өңдеу, электрохимия, энергетика, металлургия және басқа да бағыттарды дамытудың маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, тәуелсіз әрі экономикалық тұрғыдан дамыған мемлекетті қамтамасыз ету үшін химиялық білім беретін мамандарды даярлаудың қазіргі жағдайы мен болашағы сөз болды.

Химик-мамандарды сапалы даярлаудың қажеттілігін химия және химиялық технология факультетінің деканы Дюсебаева М.А. өз сөзінде атап өтіп, қатысушыларға сәттілік және күрделі тапсырмаларды шешуге шабыт тіледі. Олимпиаданың тарихына қатысты қысқаша мәліметті физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының меңгерушісі Аубакиров Е.А. құттықтау сөзінде баяндап, мұндай іс-шаралардың білім алуға ынтаны қалыптастыру мен жоғары нәтижелерге жетудегі маңызын атап өтті, сондай-ақ барлық қатысушыларға үлкен табыс тіледі.

Олимпиада жұмысына ҚазҰУ-дағы «Мұнай инженерлері қоғамының (SPE)» студенттік бөлімшесінің өкілдері де белсенді қатысты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физикалық химия, катализ және мұнай химиясы

 кафедрасының доценттері Ташмұхамбетова Ж.Х. және Ешова Ж.Т.