Ғылымға бастар көпір: мектеп пен университет серіктестігіFarabi University

Ғылымға бастар көпір: мектеп пен университет серіктестігі

9 ақпан, 2026

 

ҚазҰУ-дың физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасы мен Алматы қаласындағы №208 мектеп-гимназия арасында кәсіптік бағдар беру бағытында меморандумға қол қойылуы – жай ғана құжат емес, ғылым мен мектеп арасындағы көпірдің берік қалануы деп білемін.

Бүгінгі күні мектеп пен университет арасындағы сабақтастық – болашақ маманды саналы таңдаудың басты шарты. Осы меморандум аясында химия-биология пәндерін тереңдетіп оқытатын сынып жетекшілері кафедрамыздағы ғылыми зертханалардың тыныс-тіршілігімен танысып, шынайы ғылымның қалай жасалатынын өз көздерімен көрді.

Фараби химия ғылымдары кластерінің зертханалары, атап айтқанда профессор Оспанова А.К. жетекшілік ететін ChemMed зертханасы, доцент Дюсебаева М.А. басқаратын Ш.Ахмедова атындағы нәзік органикалық синтез зертханасы және профессор Аубакиров Е.А. жетекшілік ететін мұнай-химия зертханасында жүргізіліп жатқан заманауи зерттеулер көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.

Әр зертханада жауапты зерттеушілер жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардың мазмұнын терең ашып, олардың қоғам мен өндіріс үшін стратегиялық маңызын жан-жақты түсіндірді. Бұл жай ғана зертханалармен таныстыру емес, ғылымның ішкі мәдениетін, жоғары жауапкершілігін және үздіксіз ізденіске негізделген рухын сезіндіретін мазмұнды кездесу болды.

Мұғалім университет қабырғасындағы нақты ғылыми жұмысты көрсе ғана, ол оқушыға бағыт-бағдар бере алады. Ал дарынды, ізденімпаз «альфа» оқушыларды үлкен ғылымға тартудың ең тиімді жолы – оларды ерте жастан зерттеу ортасымен табыстыру емес пе?

Осы игі бастаманың жүзеге асуына ұйытқы болған кафедра меңгерушісі, профессор Аубакиров Е.А. мен факультеттің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі декан орынбасары Гүлбану Жақсылыққызының еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Мұндай серіктестік – болашақ ғалымдардың алғашқы қадамына жол ашатын маңызды бастама. Ғылымға апарар жол мектептен басталады, ал сол жолды бірге салу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

 

Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының аға оқытушысы, PhD Савденбекова Б.Е.