Қылмысқа қарсы күресте цифрлық технологиялар нәтижелі құралға айналуда
Механика-математика факультетінде Есептеу ғылымдары және статистика кафедрасының аға оқытушысы Б.Қ.Әбенов студенттермен осы тақырыпта семинар өткізді.
Еліміздің құқық қорғау орындарының деректері бойынша қылмысқа қарсы күресте цифрлық технологияларды қолдану арқасында сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау саласында нәтижелі жұмыс атқарылған. Сол арқылы аса ауыр қылмыстарды 57%, онық ішінде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді 21%, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстарды 16% төмендетуге қол жеткізілді.
Одан өзге прокуратура, полиция, сот, сараптама және дағдарыс орталықтары арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетудің, оның жолын кесудің жаңа тетігі табылған және “Бір терезе” қағидаты бойынша жедел әрекет етудің бірыңғай жүйесі құрылған. “Заң мен тәртіп” аясында бүгінде елімізде қоғам тыныштығын сақтауға баса көңіл бөлініп отыр. Цифрлық технологияларды қолданып қылмысқа қатысты сараптама қортыныдылары 3 сағат ішінде берілсе, қылмыстық істер сотқа жолданып, айыптау үкімдері тәулік ішінде шығарылады. Соның нәтижесінде тергеу жұмыстары сапалы атқарылып, әр тараптың құқығына ешқандай нұқсан келтірілмейді.
Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау жұмыстары қолға алынып, Балаларды қорғау ісіне де заң органдары ерекше көңіл бөледі. Соның аясында прокуратура әкімдіктермен бірлесіп арнайы алгоритм әзірледі. Қадағалаушы орган еңбек құқықтарын қорғау үшін арнайы шаралар қабылдап, зейнеткерлердің конституциялық құқығы қорғалған. Сондай-ақ уәкілетті органның бастамасымен құқық бұзушылық профилактикасы жүргізіліп, бала тәрбиесіне арналған іс-шара ұйымдастырылып, ZOOМ арқылы «Прокурорлық сағат» және ата-ана рөлі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында жиын өткізілген. Одан бөлек «Таңда! Өзгер! Жасампаз бол!» тақырыбында мамандық таңдаудың маңыздылығын түсіндіретін республикалық форум ұйымдастырылды.
Прокуратура қаржы пирамидаларының қызметін тоқтату мақсатында Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесе отырып әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге талдау жүргізу әдістерін қолға алды. Нәтижесінде, аталған санаттағы қылмыстардың анықталуы үш есеге өсті. Заң органы «Азия Сервис» ЖШС-мен меморандумға қол қойып, есірткі дүкендерінің банк шоттарын бірлесе анықтауды бастады. Келісімдердің аясында халыққа құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ салауатты өмір салты мен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған ағартушылық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі.
Әкімшілік құқықбұзушылық іс жүргізудің заңнамасын талдау барысында кемшіліктер анықталды. «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде қолға алынған бұл бастама мен оның қорытындылары әлеуметтік желілерде жұртшылыққа кеңінен таратылады.
Алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерге қатысты қылмыстық істер тіркеліп, сотқа жолданды. Халықаралық ынтымақтастық саласында босқындардың құқығы мен елдің халықаралық міндеттемелерінің бұзылуына жол бермеу үшін «Қандас» және «СИОПСО» ақпараттық жүйелері біріктірілген.
Үкімдердің орындалуын қадағалау ісінде де заң органы біраз жетістікке жетті. «Сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендету мақсатында пробация қызметінде сотталғандарды саусақ іздері бойынша автоматты түрде тіркейтін биометриялық терминал, «Baiqa System» қанатқақты жобасы іске қосылды.
Жалпы, «Заң мен тәртіп» қағидаты елге керек бастама. Соның арқасында қоғамда тәртіп орнап, азаматтардың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта қалыптасады. Тәртіп жоқ жерде берекесіздік белең алады. Қазақстан зайырлы, демократиялы мемлекет, сонымен бірге құқықтық ел екенін ұмытпау керек. Сол үшін заң мен ережеге қоғамның қай саласы болсын мойынсұнатыны анық. Онсыз біз өркениеттің көшіне ілескен елдердің қатарына кіре алмаймыз. Қазақтың даңқты батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды».
Баяндалған фактілерден семинарға қатысушылар құқық қорғау органдарының ІТ мен жасанды интеллект секілді заманауи технология мүмкіндіктерін қалай өз пайдаларына іске асырып жатқандарын көрді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретіні анық.


Б.Қ.Әбенов,
Есептеу ғылымдары және статистика
кафедрасының аға оқытушысы