Таулардың алыстаған сайын биіктей түсетіні тәрізді, жылдар жылжыған сайын тауға айналатын тұлғалар бар. Солардың бірі – қазақ журналистикасының қара нары, жамбоз журналист-жазушы Әбілфайыз Ыдырысұлы. Ол – қазақ журналистикасы мен ғылымының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан тұлға. Артында мол әдеби мұра қалдырған қаламгер. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ғалым-ұстаз. Бүгін – сол тау-тұлғаның туған күні. Соған орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы «Әбілфайыз Ыдырысұлы – Ұлт журналистикасының ұстазы» деген тақырыпта ашық сабақ ұйымдастырды.
Бұл шараға Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Әмірғалиқызы, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин, кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие жөніндегі орынбасары, аға оқытушы Анархан Қалибекқызы, кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары Назерке Дәлелханқызы, кафедра оқытушысы Махаббат Альмухаметовалар қатысып, ғалым-ұстаздың өмірі мен шығармашылығы һәм азаматтық болмыс-бітімі туралы кеңінен әңгімеледі, есті естеліктер айтты. Мәнді де мазмұнды шара соңында ашық сабаққа белсене араласқан шәкірттерге тәлімгердің тасқа басылған туындылары тарту етілді.
Басқа жаңалықтар