Ө.А. Жолдасбеков мұрасы – болашақ музейтанушылар көзқарасымен: деректі фильм көрсетіліміFarabi University
Референдум 15 марта

Ө.А. Жолдасбеков мұрасы – болашақ музейтанушылар көзқарасымен: деректі фильм көрсетілімі

26 ақпан, 2026

2026 жылы 26 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінде 6B02213 – «Музеология және тарихи-мәдени туризм» білім беру бағдарламасының 1 курс студенттеріне көрнекті қоғам қайраткері, ғалым және инженер-механик Өмірбек Арсланұлы Жолдасбеков туралы деректі фильм көрсетілді. Іс-шараның мақсаты – студенттерді университет тарихымен, ұлттық ғылым мен білімнің дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың өмір жолымен таныстыру, сондай-ақ жас мамандардың кәсіби және азаматтық құндылықтарын қалыптастыру болды.

Танымдық шара факультеттің оқу-тәрбие жұмысы жоспары аясында ұйымдастырылып, болашақ музей ісі және туризм саласының мамандарына тарихи тұлғалардың мұрасын зерделеудің маңызын түсіндіруге бағытталды. Деректі фильмде Ө.А. Жолдасбековтің ғылыми қызметі, инженерлік жаңалықтары, сондай-ақ оның университет ректоры ретіндегі басқарушылық қыры кеңінен баяндалды. Фильм барысында студенттер ғалымның отандық машина жасау ғылымын дамытуға қосқан үлесімен, халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтудағы еңбегімен және жас кадрларды даярлауға сіңірген еңбегімен танысты.

Көрсетілімнен кейін ұйымдастырылған пікірталас алаңында білім алушылар өз ойларымен бөлісіп, тұлғаның ғылым мен қоғамдағы рөлі туралы талдау жасады. Студенттер тарихи тұлғаларды насихаттаудың заманауи тәсілдері, соның ішінде деректі киноның ағартушылық әлеуеті жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар музей ісі саласында мұндай материалдарды экспозициялық және экскурсиялық жұмыстарда пайдалану мүмкіндіктері талқыланды.

Іс-шараға 1 курс студенттері толық құрамда қатысып, оқытушылар мен кураторлар тарапынан қолдау көрсетілді. Көрсетілім барысында қатысушыларға деректі фильм негізінде дайындалған қысқаша ақпараттық парақшалар таратылып, ғалымның өмірі мен қызметіне қатысты қосымша деректер ұсынылды.

Аталған шара студенттердің кәсіби қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық ғылыми мұраға деген құрметін нығайтты. Болашақ музейтанушылар мен туризм мамандары үшін тарихи тұлғалардың өмір жолын зерделеу – мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың маңызды бөлігі болып табылады. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, факультет қабырғасында ғылыми-танымдық кездесулер мен деректі фильм көрсетілімдері тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.