«Патриотизм: сезім бе, әлде жауапкершілік пе?» атты пікірталас
Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті Компьютерлік ғылымдар кафедрасының «Компьютерлік инженерия» білім беру бағдарламасының 1 және 3 курс студенттері арасында «Патриотизм: сезім бе, әлде жауапкершілік пе?» тақырыбында мазмұнды әрі тағылымды пікірталас ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің азаматтық ұстанымын қалыптастыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және отансүйгіштік құндылықтарды терең түсіндіру болды.
Пікірталас барысында қатысушылар екі түрлі көзқарасты қорғады: 1 курс студенттері патриотизмді ең алдымен жауапкершілік деп таныса, 3 курс студенттері оны адамның ішкі сезімі, жүрек қалауы ретінде дәлелдеуге тырысты. Әр тарап өз ұстанымдарын нақты мысалдармен, тарихи және заманауи деректермен негіздеп, ойларын жүйелі түрде жеткізді.
1 курс студенттерінің пайымдауынша, патриотизм – бұл тек эмоциялық сезім ғана емес, ең алдымен ел мен жер алдындағы азаматтық жауапкершілік. Олар өз ойларын Қазақстан атынан халықаралық ареналарда өнер көрсетіп жүрген спортшылардың жетістіктерімен байланыстырды. Әлемдік чемпионаттарда көк туымызды биікке көтеріп, Әнұранымызды шырқатқан спортшылардың табысы – олардың ел алдындағы патриоттық жауапкершілігінің айқын көрінісі екендігін атап өтті. Студенттердің айтуынша, нағыз патриот өз Отанының абыройын арттыру жолында табандылық пен еңбекқорлық танытып, жеке жетістігін ел мүддесімен ұштастыра білуі тиіс.
Сонымен қатар, 1 курс студенттері әлемге әйгілі қазақ өнерпазы – Димаш Құдайберген шығармашылығын мысалға келтірді. Олар Димаштың халықаралық сахналарда қазақ мәдениетін дәріптеп, ұлттық өнерді танытуы оның елге, жерге деген терең құрметі мен жауапкершілігін білдіретінін айтты. Өнер иесінің әрбір сұхбатында туған жеріне деген сүйіспеншілігін айқын жеткізуі – патриотизмнің сезіммен қатар, саналы жауапкершілікке негізделетінін дәлелдейді деген тұжырым жасалды.
Ал 3 курс студенттері патриотизмнің бастауы – адамның ішкі сезімі, рухани болмысы деп пайымдады. Олардың пікірінше, шынайы патриотизм жүректен туындайды. Егер адам өз елін шын сүймесе, оның әрекеті де жасанды сипат алуы мүмкін. Олар патриотизмді отбасы тәрбиесімен, ұлттық құндылықтармен және тарихи санамен байланыстырды. Елге деген сүйіспеншілік, туған жерге деген сағыныш, ана тіліне деген құрмет – мұның барлығы сезім арқылы қалыптасады деп тұжырымдады.
Пікірталас барысында екі тарап та патриотизмнің тек бір ғана қырын қарастыру жеткіліксіз екендігін мойындады. Қорытынды бөлімде қатысушылар ортақ тұжырымға келді: патриоттық жауапкершілік ең алдымен отбасындағы тәрбие мен ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруден басталады. Ата-ананың өнегесі, мектеп пен жоғары оқу орнының тәлім-тәрбиесі арқылы қалыптасқан сезім уақыт өте келе саналы жауапкершілікке ұласады. Демек, патриоттық сезімсіз жауапкершілік те толыққанды болмайды, ал жауапкершіліксіз сезім нақты іс-әрекетке айналмайды.
Аталған пікірталас студенттердің азаматтық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың өз елінің болашағына деген жауапкершілік сезімін тереңдетті. Бүгінгі цифрландыру дәуірінде ақпараттық технологиялар саласының болашақ мамандары тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, жоғары азаматтық ұстанымымен де ерекшеленуі тиіс. Осы тұрғыда ұйымдастырылған пікірталас жастардың рухани-адамгершілік дамуына, ұлттық санасының нығаюына және патриоттық құндылықтарды жаңаша пайымдауына ықпал етті.