- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да педагогикалық практика аясында «Түркі дәуіріндегі тас мүсіндер типологиясы» тақырыбында ашық семинар өтті
ҚазҰУ-да педагогикалық практика аясында «Түркі дәуіріндегі тас мүсіндер типологиясы» тақырыбында ашық семинар өтті
2026 жылғы 27 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінде 8D02210 – Археология мамандығының 1-курс докторанты Үміткалиев Дамир Берікұлы педагогикалық практика аясында «Түркі дәуірі археологиясы» пәні бойынша ашық семинар сабағын өткізді.
Семинардың тақырыбы — «Түркі кезеңі ескерткіштеріндегі тас мүсіндер типологиясының қалыптасып дамуы». Іс-шара «7М02219 Археология» мамандығының 1-курс магистранттарына арналды.
Сабақ барысында екі негізгі презентация талқыланды. Бірінші презентация — «Тас мүсіндер типологиясының қалыптасып дамуы» — Еуразия даласындағы монументалды тас пластикасының тарихына, хронологиялық және морфологиялық типологияға, атрибутика мен иконографияға, сондай-ақ жапон түркітанушысы Т. Хаяшидің классификациялық жүйесіне арналды. Екінші презентация — «Сарыарқаның тас мүсіндері» — Орталық Қазақстандағы түркі және қыпшақ дәуірі мүсіндерінің зерттеу тарихын, Ә. Марғұланның ғылыми үлесін, иконографиялық даму ерекшеліктері мен типологиялық топтарды қамтыды.
Докторант Үміткалиев Д.Б. өз баяндамасында зерттеу нәтижелерімен бөліссе, семинар барысында студенттер тас мүсіндердің семантикасы, «балбал» терминінің этимологиясы, мемориалдық кешендердің құрылымы және Қазақстандағы негізгі ескерткіш орындары туралы белсенді пікір алмасты.
Іс-шара педагогикалық практика аясында жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысын дамытуға және магистранттардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге бағытталған оқу үдерісінің бір бөлігі болып табылады.
