«Әлімжеттіктің түрлері және алдын алу жолдары»
2026 жылдың 03 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінің Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы Оңғарбаева М.С. және 1-курс докторанты Дауылова Д.Ж. «Шетел филологиясы (батыс тілдері)» мамандығының 3-курс студенттеріне арналған «Әлімжеттіктің түрлері және алдын алу жолдары» тақырыбында тәрбие сағатын өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің әлімжеттік (буллинг) туралы түсінігін кеңейту, оның түрлерін ажырата білуге үйрету және алдын алу жолдары туралы ақпарат беру, сондай-ақ жастар арасында өзара құрмет пен толеранттылық мәдениетін қалыптастыру.
Талқылау барысында әлімжеттіктің келесі түрлері қарастырылды:
— физикалық әлімжеттік;
— психологиялық (эмоционалдық) қысым көрсету;
— вербалды қорлау;
— әлеуметтік оқшаулау;
— кибербуллинг.
Студенттер қазіргі қоғамдағы әлімжетіктің себептері мен салдарын талдап, оның жеке тұлғаның психологиялық жағдайына, академиялық үлгеріміне және әлеуметтік бейімделуіне тигізетін кері әсерін атап өтті.
Іс-шара барысында тақырыптық презентациялар көрсетіліп, бейнематериалдар талқыланды. Студенттер ситуациялық тапсырмалар орындап, әлімжеттік жағдайында өзін қалай ұстау керектігі туралы өз ұсыныстарын білдірді.
Қорытынды бөлімде әлімжеттіктің алдын алу жолдары ретінде:
— сенімді қарым-қатынас орнату;
— құқықтық сауаттылықты арттыру;
— психологиялық қолдау көрсету;
— университет ішінде сенім жәшіктері мен кеңес беру орталықтарының жұмысын күшейту;
— өзара құрмет пен жауапкершілік қағидаттарын насихаттау ұсынылды.
Іс-шара нәтижесінде студенттер әлімжеттікке қарсы тұру – әрбір саналы азаматтың міндеті екенін және қауіпсіз, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруда жастардың рөлі ерекше екенін атап өтті.
Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының
аға оқытушысы Оңғарбаева М.С.,
1-курс докторанты Дауылова Д.Ж.