Жас ғалымдарға нақты бағытFarabi University

Жас ғалымдарға нақты бағыт

4 наурыз, 2026

2026 жылғы 3 наурызда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының «Жас ғалымдар» кеңесінің ұйымдастыруымен «Алғашқы зерттеу жұмысын ұйымдастыру мен жоспарлау» атты ғылыми семинар өтті. Іс-шара жас зерттеушілерге ғылыми жұмысты жүйелі бастау, зерттеу үдерісін тиімді жоспарлау және академиялық ортада өз орнын табу бағытында нақты бағдар беруді мақсат етті.

Семинардың негізгі спикері – кафедраның доцент-зерттеушісі, “ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы” ғылыми журналының бас редакторы Анар Мустафаева. Баяндамашы алғашқы зерттеу жұмысын ұйымдастырудың алғышарттары мен кезеңдерін жан-жақты түсіндіріп, тақырып таңдаудан бастап ғылыми нәтижені рәсімдеуге дейінгі маңызды баспалдақтарды нақты мысалдармен баяндады.

Өз сөзінде А.Мустафаева зерттеу мәселесін дұрыс айқындау, мақсат пен міндеттерді нақты қою, дереккөздермен жүйелі жұмыс істеу және ғылыми мәтін құрылымын сақтау секілді қағидаттарға ерекше тоқталды. Сонымен қатар жас ғалымдарға академиялық адалдық, уақытты тиімді жоспарлау және ғылыми коммуникация мәдениеті жөнінде кәсіби кеңестер берді.

Семинар барысында қатысушылар тарапынан мазмұнды сұрақтар қойылып, пікір алмасу алаңы қалыптасты. Әсіресе, Scopus деректер қорына енетін ғылыми журналдарға мақала жариялау мәселесі жас зерттеушілердің қызығушылығын тудырды. Баяндамашы халықаралық деңгейдегі басылымдарға мақала дайындаудың талаптары, журнал таңдау критерийлері, рецензиялау үдерісі және авторлық жауапкершілік туралы өз тәжірибесімен бөлісті.

Іс-шара жас ғалымдарға ғылыми ізденісті дұрыс бағытта бастауға, зерттеу мәдениетін қалыптастыруға және халықаралық ғылыми кеңістікке шығуға нақты серпін берді. Мұндай мазмұнды кездесулер жас зерттеушілердің кәсіби дамуына ықпал етіп, ғылыми қауымдастықтағы сабақтастықты нығайта түсетіні сөзсіз.

 

Бокулева Б.С.