Арман Жұмаділ: Отарсыздандыру процесінен өткен жоқпыз!...
Кез-келген реформа мен бағдарлама сол саланың тәжірибелі, кәсіби мамандарымен, зерттеуші-ғалымдарымен, жалпы халықтың талап-тілек, ұсыныс, пікір, көзқарасын жан-жақты ескере отырып жасалуы керек. Сонда ғана ол өміршең, кемел, жан-жақты әрі нәтижелі болады. Алайда білім саласындағы бүгінгі реформалар осы саланың өз мамандарын да таңғалдырып, күдіктендіріп, түсінбестікке түсіріп отыр. Ойымыз дәлелді болу үшін нақты пікірге көз жүгіртейік. Арман Жұмаділ Жұмаділ Арман Қабдешұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих, археология және этнология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент: – Өзіңізге мәлім, білім саласы сан алуан реформаға толы. Тағы бір толқыны үш тілде білім беруге бағытталуда. Оның ішінде дүниежүзі тарихын барлық мектепте тек қана орысша оқыту деген жоспар да бар. Бұл қаншалықты тиімді? Қандай қажеттіліктен туындап отыр? Нәтижелі қадам ба? – Бүгінгі күні оқу, білім саласындағы реформалар өте үлкен қарқынмен алға кетіп бара жатыр. Бірақ, көп жағдайда балалардың жас, физиологиялық ерекшеліктері ескерілмейді. Сонымен қатар, тәуелсіздгімізге 25 жыл болғанына қарамастан тіліміздің әлі ойсырап тұрғаны өкіндіреді. Бір ғана мысал айтайын, Алматы қаласының Бостандық ауданында 48 мектеп бар. Соның тек 10-ы қазақ мектебі. Қалған аудандар да сондай. Қазақ мектептері ашылып жатыр деп қуанамыз, бірақ олар әлі де көп емес, мардымсыз. Осындай жағдайда қазақ мектебінде тағы бір пәнді орысша оқытудың неге керек болғанын өзім де түсінбеймін. Менің ойымша, дүниежүзі тарихын тек қана орысша оқытудың бір-ақ мақсаты бар: ол халықаралық қатынастарда, халықаралық құқықта, халықаралық дипломатияда мамандардың бәрі осы саладағы білімдерді орысша игереді деген сөз. Неге оны қазақша игермеске? Неге тарихымызға және саяси процестерге қазақтың мүддесі тұрғысынан қарамасқа? Біз қашанғы өз тарихымызға орыстың, еуропалықтардың көзімен қарап баға береміз? Құлдық ноқтадан , психологиядан арылатын кез баяғыда-ақ келді. Мұның бәрі тәуелсіздік алғанымызбен бойымызды әлі күнге еркін, тік ұстай алмай жатқанымызда. Екінші жағынан, біз әлі отарсыздандыру процесінен өткен жоқпыз. Бұл үлкен процес. Ол үшін 2-3 ұрпақ ауысу қажет. Қазақи идеология содан кейін ғана пайда болатын шығар. – Қазіргі ғылымның жағдайы, халықаралық деңгейге көтерілуге бағытталған әрекеттердің нәтижесі мен берері қандай? – Ауылда ағылшын тілін біле қоятын физика, химия мамандары қанеки? Дүниежүзі тарихын орысша білетін мамандар бар ма? Осының бір жағы көпе-көрнеу қиянат әдейі істеліп жатқан секілді. Ғылым туралы заң бар. Сол заң бойынша өзіміздің бүгінгі ғылымымызды түгелдей батыс елдерінің мүддесіне байлап бердік. Бір ғана диссертация қорғау үшін инпакт факторы жоғары басылымдарда 2-3 мақала шығару керек. Ол үшін тағы да шетелдік басылымдарға тәуелді. Олардың құны 500-3000 доллар оны былай қойғанда сараптамадан өтуінің өзі 2-3 жылға созылады. Уақытында шетелдің белгілі бір журналдарынан мақалаң шықпаса, қорғаудан қалып қалатын жағдайлар көп. Ғылыми дәреже, атақ алу үшін де шетелдік басылымдарға байлап қойды. Бұны біреулер ғылымды халықаралық деңгейге шығудың бір жолы деп ойлайды… Ал қазақ тілі, қазақ филологиясы, қазақ тарихы мамандарының халықаралық деңгейге шығуы екіталай. Шетелің тарихыңа да, тіліңе де қызығып жатқан жоқ. Бұрын ғылыми жаңалықты бір елден алып шығу үшін ең болмағанда жансыздарын жіберетін немесе ақшаға сатып алатын. Ал бүгінгі күні «жаңалығымды журналыңа басшы, ақшаңды қосып берейінші» деп көрінгенге өзіміз жалынамыз. – Қазақстан тарихын барлық мектепте қазақ тілінде ғана оқытуға дайынбыз ба? Бұл өзі қазақшаны дұрыс білмейтіндерді тарихымыздан мүлдем хабарсыз етуге итермелемей ме? – Қазақстан тарихын қазақша оқыту идеясы дұрыс. Бірақ, бұған да орыс мектептері дайын емес. 25 жылда 25 сөз үйрене алмаған өзге ұлттың өкілдері оған қандай ниетпен кіріседі екен. Олар да өздерінше қарсылық білдіруі мүмкін. Бұдан ұлт аралық жағдай шиеленісіп кетпесіне кім кепіл? Сондықтан да, Қазақстан тарихы қазақ мектептерінде қазақ тілінде оқытылса, басқа тілдерде оқимын дегендерге ағылшын немесе орыс тілінде қатар оқытыла беруі керек деп ойлаймын. Әркімнің қай тілде оқу туралы өз еркі, өз құқығы болуы керек. Баланың өзінің туған тілінде білім алуға деген конституциялық құығы неге шектелу керек? Біз алаш зиялыларын дәріптейміз. Бірақ, алаш зиялыларының әр мәселеге байланысты ұстанымдарын өмірде қолданбай келеміз. Мысалы, Алаш партиясының саяси бағдарламасы бар. Соның бір бабында мектеп саласына арналғын. Онда мектеп мұғалімі сайлануы керек делінген. Былайша айтқанда, бала өзінің жақсы көретін мұғаліміне барып сабағына қатысуы керек. Бұл ұстаным, мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың барлық факультеттерінде қолданылады. Әр-бір студенттің өзі қалап оқитын пәндерді және оқытушыларды таңдауға құқылы. Пән мен ұстазда таңдау құқығы әзірше тек жоғары оқу орындарында іске асып отыр. Осы ұстанымды орта мектепке неге мектепке әкелмеске? Акелу керек. Біз сөз еткен Алаш партиясының бағдарламасында «Бастауыш сыныпта оқушылар міндетті түрде тек өз ана тілінде оқу тиіс» деген бар. Ал енді біз мектептен қандай дүбараларды шығармақшымыз? Бүгін мәтінді мәнерлеп оқып беретін студент кемде кем. Минөтіне 150 сөз оқып бере алатын шығар. Бірақ не оқығанын ұқпайды. Зырылдатып береді. Оқығанын қайталып айтып бере алмайды. Баяғы біз көргендей сапа жоқ. Әрине бала өзі оқысын, интернеттен өзі тауып алсын дейміз. Бірақ, оған бағыт-бағдар беріп отыратын адам керек. Интернетте неше түрлі мәлімет жазылуы мүмкін. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, оқушының көзін ашып беретін адам керек пе, жоқ па?! Құр судыратып мәтін оқығаннан баланың ой-өрісі дамымайды. Ойланатын ұрпақ кетіп бара жатыр. ХІХ-ғасырда жыраулардың бірі айтқан екен: «Ашпаса көрмейтін, айтпаса білмейтін ұрпақ келе жатыр» деп. Сол біздің заманымызға сай келді. «Аумалы төкпелі заманда өмір сүр» деген жаман қарғыс бар. ХІХ-ғасырдан бері реформадан бір көз ашпадық қой. Халық қанша Ғылым және білім министрлерінің ауысқанын санаудан жалықты. Білетінім егер біз білім саласын бір ойсыратып алсақ онда елдің болашағы бұлыңғыр…
Сұхбаттасқан Жарқын Сәленұы