- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату» І Халықаралық онлайн қысқы мектебі өз жұмысын аяқтады
«Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату» І Халықаралық онлайн қысқы мектебі өз жұмысын аяқтады
2026 жылғы 4 наурызда География және табиғатты пайдалану факультеті, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының ұйымдастыруымен өткізілген «Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату» тақырыбындағы І Халықаралық онлайн қысқы мектебі өз жұмысын қорытындылады. Іс-шара Баку мемлекеттік университеті (Әзербайжан), Ж. Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университеті (Қырғызстан) және Экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау бойынша Орталық Азия–Герман институтының қолдауымен ұйымдастырылды.
Қысқы мектеп Халықаралық Zero Waste күні қарсаңында өткізіліп, қатысушыларды қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару, сұрыптау және қайта өңдеу саласындағы заманауи ғылыми және практикалық тәсілдермен таныстыруды мақсат етті. Бағдарлама барысында тұрақты даму және айналмалы экономика жүйесіндегі қалдықтарды басқару, қалдықтарды басқарудың жаһандық мәселелері, морфологиялық талдау әдістемесі, қалдықтарды термиялық өңдеу тәсілдері, Zero Waste тұжырымдамасы, қалдықтардың экожүйелер мен биоалуантүрлілікке әсері, топырақтың, судың және атмосфераның қалдықтармен ластануы, сондай-ақ қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық заңнама мен озық халықаралық тәжірибе мәселелері қарастырылды. 
Дәрістерді Қазақстан, Әзербайжан және Қырғызстан университеттерінің оқытушылары мен ғалымдары оқыды. Қатысушылар үшін бейнематериалдар көрсетіліп, интерактивті талқылаулар ұйымдастырылды.
Қысқы мектеп бағдарламасы бойынша қатысушылар өзіндік жұмыстар орындады. Атап айтқанда, айналмалы экономика моделіне көшу бойынша жол картасын әзірлеу, Reduce–Reuse–Recycle қағидаттарына негізделген қалдықтарды басқару тізбегін құру, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау технологияларын талдау және қалдықтардың экожүйелер мен биоалуантүрлілікке әсерін бағалау сияқты тапсырмалар ұсынылды.
Қысқы мектептің қорытынды кезеңінде қатысушылардың жұмыстарын талқылау өткізіліп, экологиялық білім мен тұрақты даму қағидаттарын дамыту бағытындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді.
Аталған іс-шара тұрақты даму мақсаттарының бірі – ТДМ 12 «Жауапты тұтыну мен өндіріс» бағытын жүзеге асыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды халықаралық білім беру алаңы болды.
