- Басты бет
- Жаңалықтар
- ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІНДЕ МАҒИРА ҚОЖАХМЕТОВАНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ-САЗДЫ КЕШ ӨТТІ
ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІНДЕ МАҒИРА ҚОЖАХМЕТОВАНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ-САЗДЫ КЕШ ӨТТІ
ТДМ-17 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде қазақ публицистикасының көрнекті өкілі, баспагер әрі қаламгер Мағира Қожахметованың 80 жылдық мерейтойына арналған «Әлемді әсем еткен арулар» атты әдеби-сазды мерекелік кеш өтті. Сөз зергеріне арналған сырлы кеш қазақ баспасөзінің дамуына сүбелі үлес қосқан қаламгердің шығармашылық жолын танытуға, оның журналистика мен баспагерлік саласындағы тәжірибесін жас буынға насихаттауға арналды.
Журналистика факультетінің деканы, белгілі медиа маманы Қанат Әуесбайұлы - кештің модераторы болды. Жиынды ашқан декан мерейтой иесінің ұлттық журналистикадағы орнына тоқталып, оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметі бірнеше буын журналистер үшін үлгі екенін атап өтті.
Іс-шара екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімі - «Редактор мінбері» деп аталып, Марат Барманқұлов атындағы телестудияда кәсіби сұхбат форматында өрбіді. Шамамен 30 минутқа созылған бұл бөлімде Қ. Әуесбайұлы мерейтой иесімен еркін әңгіме өрбітіп, оның шығармашылық және редакторлық қызметінің маңызды кезеңдерін қамтыды. Сұхбат барысында Мағира Қожахметова республикалық басылымдардағы алғашқы еңбек жолы, журналистикадағы алғашқы тәжірибелері мен кәсіби қалыптасу кезеңі туралы естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар ол ұзақ жылдар бойы бас редакторы болған «Ақ желкен» журналы кезеңіндегі тәжірибесіне тоқталып, балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымның тәрбиелік-танымдық маңызы жайында ой қозғады. Қаламгер балалар баспасөзінің өзіндік ерекшеліктерін, сондай-ақ әйелдер аудиториясына арналған журналдардың мазмұндық бағыты мен жауапкершілігі туралы кемел ойларын айтты. Баспагерлік қызметтің қиындықтары мен шығармашылық еркіндік мәселелері де сұхбаттың маңызды тақырыптарының бірі болды.
Сұхбат барысында студенттер де өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Олар «Жақсы журналист қандай болуы керек?» және «Қазіргі медианың басты мәселесі неде?» деген сұрақтар төңірегінде ой қозғап, тәжірибелі маманның пікірін тыңдады. Өз кезегінде Мағира Қожахметова болашақ журналистерге кәсіби адалдық, ізденіс пен жауапкершілік туралы кеңесін айтып, жас мамандарға үнемі оқып-үйреніп, қоғам мүддесіне қызмет ететін журналист болуға шақырды.
Кештің екінші бөлімі «Қаламгер әлемі» атты әдеби-танымдық бөліммен жалғасты. Бұл бөлімде Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының профессоры Жидегүл Әбдіжәділқызы мерейтой иесіне құттықтау сөз айтып, оның шығармашылығы қазақ әдебиеті мен журналистикасының тоғысында қалыптасқан ерекше құбылыс екенін атап өтті.
Профессордың жетекшілігімен 201-топ студенттері қаламгер шығармалары негізінде әдеби-мәтіндік композиция дайындады. Шара барысында студенттер жазушы прозасының көркемдік қуатын мәнерлеп оқу арқылы көрерменге әсерлі жеткізді. Атап айтқанда, Бағысбек Әнел «Жападан-жалғыз» шығармасынан үзінді оқыса, Әбутәліп Тоғжан «Мәншүк – ғұмыр» туындысын мәнерлеп орындады. Ал Аппаз Ерхан «Жантәсілім» шығармасынан үзінді ұсынып, кейіпкердің ішкі толғанысын әсерлі жеткізе білді.
Сондай-ақ Ахметқали Айзат «Ақбай» шығармасын көркемдік нақышымен оқып, Байдулла Ерғали «Иманжүсіп» туындысындағы тарихи тұлғаның бейнесін айшықтай түсті. Ал Абдуллаев Тельман «Адам – құпия» шығармасынан үзінді оқып, автор көтерген философиялық ойларды терең сезіммен жеткізді. Студенттердің мәнерлеп оқу шеберлігі көрермен қауымға ерекше әсер қалдырып, қаламгер шығармаларының мазмұндық тереңдігін тағы бір қырынан танытты. Студенттердің мәнерлеп оқыған әдеби композициясын Мағира Қожахметова ерекше ықыласпен ұйып тыңдады. Шығармаларын бұрын көбіне іштей оқитынын айтқан қаламгер жастардың орындауына риза болып, өз мәтіндерін дауыстап оқуға да болатынын осы кеште жаңаша сезінгенін жеткізді.
Кеш соңында мерейтой иесіне ерекше құрмет көрсетілді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректоры Ж.Қ. Түймебаевтың атынан қазақтың дәстүрлі құрмет белгісі ретінде иығына шапан жабылып, ақ орамал мен ықылас гүлдері табысталды. Бұл – қаламгердің ұлттық журналистика мен баспа ісіне сіңірген еңбегіне көрсетілген жоғары құрметтің белгісі болды. Жиналған қауым мерейтой иесіне ақжарма тілектерін айтып, естелікке суретке түсті.
Тағылымы мол кездесу жас журналистер үшін кәсіби тәжірибе алмасудың, ұлттық журналистиканың көрнекті өкілінің өмір жолынан үлгі алудың маңызды алаңына айналды.
Нұрлыайым Тұрсынбайқызы,
Журналистика факультеті деканының әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары