Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да әлемнің жетекші университеттеріне түсуге арналған мотивациялық кездесу өттіFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да әлемнің жетекші университеттеріне түсуге арналған мотивациялық кездесу өтті

12 наурыз, 2026

2026 жылғы 11 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде әлемнің жетекші университеттеріне түсуге арналған мотивациялық хаттарды жазу тақырыбында арнайы кездесу өтті. Іс-шараның қонағы – Азиз Мусилимов, University of California, Berkeley университетінің түлегі және uaqiqaqi білім беру платформасының негізін қалаушы.

Кездесу барысында Азиз Мусилимов студенттермен өз тәжірибесімен бөлісіп, шетелдік жоғары оқу орындарына құжат тапсырудың негізгі кезеңдері туралы айтты. Ол әсіресе мотивациялық хаттың маңыздылығына тоқталып, оны дұрыс құрылымдау, жеке тәжірибені көрсету және үміткердің болашақ мақсаттарын нақты жеткізу жолдары туралы практикалық кеңестер берді. Сонымен қатар, әлемнің үздік университеттеріне түсу кезінде талапкерлер жиі жіберетін қателіктер мен олардан қалай сақтану керектігі де талқыланды.

Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер шетелдік білім беру бағдарламалары, гранттар мен академиялық мүмкіндіктер туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Спикер нақты мысалдар келтіріп, табысты өтінім дайындаудың маңызды қырларын түсіндірді.

Іс-шара студенттердің халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы түсінігін кеңейтіп, олардың әлемнің жетекші университеттерінде білім алуға деген ынтасын арттыруға ықпал етті.

Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі – «Сапалы білім» (SDG 4) қағидаттарын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып, студенттердің халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы ақпараттылығын арттыруға және олардың академиялық әлеуетін дамытуға бағытталды.

Экономика және бизнес жоғары мектебі осындай кездесулер арқылы студенттердің академиялық және кәсіби дамуына қолдау көрсетуді жалғастырады.