ТДМ 8. «Табыс еңбекке тәуелді ме, әлде мүмкіндікке ме?»Farabi University

ТДМ 8. «Табыс еңбекке тәуелді ме, әлде мүмкіндікке ме?»

19 наурыз, 2026

  Жастар – қоғамның стратегиялық ресурсы, ел болашағының айнасы. Сондықтан олардың тұлғалық қалыптасуына, зияткерлік дамуына және әлеуметтік белсенділігіне жағдай жасау – кез келген мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда жастарды тек біліммен қаруландырып қана қоймай, оларды әділеттілікке, жауапкершілікке және еңбекқорлыққа тәрбиелеу ерекше маңызға ие.

Осы орайда Тұрақты даму мақсаттарының «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» бағыты аясында дайындық кафедрасының  тыңдаушыларына «Табыс еңбекке тәуелді ме, әлде мүмкіндікке ме?» тақырыбында мазмұнды дәріс өтілді.

Іс-шара дискуссия форматында өткізіліп, тыңдаушылар екі топқа бөлініп, өз ұстанымдарын жан-жақты талдап, дәлелдеуге мүмкіндік алды. Бірінші топ еңбектің шешуші рөлін негізге ала отырып, табысқа жетудің басты кілті – табандылық, үздіксіз ізденіс және адал еңбек екенін нақты аргументтер арқылы көрсетті. Ал екінші топ мүмкіндіктің маңыздылығын алға тартып, әлеуметтік теңсіздік, орта және қолжетімді ресурстардың адамның жетістікке жету жолына тікелей әсер ететінін терең пайымдады.

Пікірталас барысында қатысушылар ерекше белсенділік танытып, өз ойларын еркін әрі сауатты жеткізе білді. Олар тек пікір алмасып қана қоймай, мәселенің мәнін терең түсінуге, түрлі көзқарастарды салыстыра отырып, ортақ шешім қабылдауға ұмтылды. Бұл өз кезегінде олардың сыни ойлау қабілеттерін дамытып, азаматтық позициясын нығайтты.

Аталған іс-шараның басты жетістігі – тыңдаушылардың табысқа жету жолындағы еңбек пен мүмкіндіктің өзара тығыз байланысын саналы түрде түсінуі. Олар кез келген жетістіктің негізінде тек мүмкіндік емес, сонымен қатар табандылық пен қажырлы еңбектің жатқанын ұғынды.Мұндай тағылымды кездесулер жастардың тұлғалық дамуына серпін беріп қана қоймай, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына, саналы, бәсекеге қабілетті және жауапкершілігі жоғары азамат ретінде қалыптасуына ықпал етеді.