Кітап – ұлт руханиятының айнасы, ал оны жарыққа шығаратын баспа – сол рухани мұраны оқырманға жеткізетін маңызды көпір. Кітап дүкен сөресінде дайын күйінде тұрғанымен, оның артында үлкен еңбек, ұқыптылық пен жауапкершілік жатыр. Мәтінді редакциялау, қателерін түзету, мазмұнын жүйелеу – мұның барлығы кәсіби шеберлік пен тиянақтылықты талап ететін күрделі процесс. Осындай жауапты жұмыстың қыр-сырын тәжірибе арқылы меңгеру – болашақ баспа мамандары үшін аса маңызды.
Мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетіндегі «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасында, Баспа ісі мамандығында білім алып келемін. Университет қабырғасында алған теориялық білімімді тәжірибемен ұштастыру мақсатында 2026 жылдың 19 қаңтары мен 21 наурызы аралығында Marfu Press баспасында өндірістік практикадан өттім.
Бұл тәжірибе мен үшін тек оқу бағдарламасының бір бөлігі ғана емес, болашақ кәсіби жолымды айқындауға ықпал еткен маңызды кезең болды. Практика барысында баспа жұмысының ішкі құрылымымен танысып, кітап дайындаудың әр кезеңіне қатысуға мүмкіндік алдым. Әсіресе редакторлық және корректорлық жұмыстардың жауапкершілігі жоғары екенін анық сезіндім. Мәтінді мұқият тексеру, орфографиялық және пунктуациялық қателерді түзету, сөйлем құрылымының дұрыстығына назар аудару – осының бәрі кітап сапасына тікелей әсер ететін маңызды жұмыстар екеніне көз жеткіздім.
Баспа саласындағы мен үшін ең алғашқы әрі ерекше тәжірибелердің бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» кітабымен жұмыс істеу болды. Бұл еңбекті тексеру міндеті маған жүктеліп, кітаптың бастан-аяқ жарыққа шығу процесіне қатысу мүмкіндігі бұйырды.
Аталған еңбек тарихи мазмұнымен ерекшеленетіндіктен, мәтінмен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етті. Ондағы тарихи деректердің нақтылығын сақтау, ескі қолданыстағы сөздер мен атаулардың дұрыс берілуін тексеру – аса мұқияттылық пен тиянақтылықты қажет ететін күрделі жұмыс болды. Осы кітапқа корректорлық жұмыстарға қатысу арқылы мен мәтінге тек техникалық тұрғыда ғана емес, мазмұндық жағынан да жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндім. Әрбір сөздің, әрбір детальдың өз орны мен мағынасы бар екенін тереңірек сезіндім.
Бұл еңбек – менің баспа саласындағы алғашқы ресми жарияланған жұмысым болды. Кітап жарық көрген кезде корректор ретінде өз аты-жөнімнің көрсетілгенін көру мен үшін ерекше қуаныш пен үлкен мотивация сыйлады. Бұл тәжірибе менің кәсіби сенімімді арттырып қана қоймай, алдағы жұмыстарға деген жауапкершілігімді де күшейтті. Шәкәрім атамыздың күрделі тарихи еңбегімен жұмыс істеу кейінгі мәтіндермен жұмыс істеуді біршама жеңілдетіп, кәсіби тәжірибемнің қалыптасуына берік негіз қалады.
Marfu Press баспасында «Жаңғырық» сериясы да жарық көреді. Бұл серия арқылы қазақтың көрнекті ойшылдарының еңбектері қайта басылып, оқырманға ұсынылып келеді. Атап айтқанда, осы сериямен Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытұлының «Психология» еңбектері жарық көрген. Ал практика барысында осы сериядағы Жүсіпбек Аймауытұлының «Тәрбиеге жетекші» кітабын тексеру жұмысы маған тапсырылды.
Жүсіпбек Аймауытұлының тілі күрделі әрі мазмұны терең болғандықтан, мәтінді түсініп оқу және оның мағынасын сақтай отырып түзету белгілі бір жауапкершілікті талап етті. Мұндай жағдайда мәтінді бірнеше рет оқуға тура келді. Осы жұмыс арқылы мен тек қате түзетіп қана қоймай, мәтінді кәсіби тұрғыда талдап, оның құрылымы мен мазмұнына тереңірек үңілуді үйрендім.
Практика барысында университет қабырғасында алған білімімнің қаншалықты маңызды екенін анық сезіндім. Әсіресе осы салада маған дәріс оқып, кәсіби бағыт-бағдар берген ұстаздарыма алғысым шексіз. Олардың үйреткен теориялық негіздерін практика барысында қолдана алдым. Бұл өз кезегінде білім мен тәжірибенің өзара тығыз байланысын айқын көрсетіп, болашақ маман ретінде өзімді дамытуға үлкен мотивация берді.
Баспадағы жұмыс маған ұқыптылық пен жауапкершіліктің маңызын үйретті. Әрбір сөздің, әрбір тыныс белгісінің өз орны бар екенін түсіндім. Кітап дайындау – тек техникалық процесс емес, ол үлкен жауапкершілікті талап ететін еңбек екеніне көз жеткіздім.
Marfu Press баспасындағы өндірістік практика мен үшін болашақ мамандығыма жасалған маңызды қадам болды. Бұл тәжірибе менің редакторлық және корректорлық жұмысқа деген қызығушылығымды арттырып қана қоймай, кәсіби бағыт-бағдарымды айқындауға көмектесті. Алдағы уақытта осы салада білімімді тереңдетіп, сапалы кітаптардың жарық көруіне өз үлесімді қосуға ниеттімін.
Арайлым Қаналықызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 4 курс студенті
Басқа жаңалықтар