Абайдың рухани мұрасы: Қазіргі ҚазҰУ студенттері ұлы ойшылдың әлемін қалай ашудаFarabi University

Абайдың рухани мұрасы: Қазіргі ҚазҰУ студенттері ұлы ойшылдың әлемін қалай ашуда

18 наурыз, 2026

Механика- математика факультетінде «Абай ілімі» пәні бойынша ерекше форматтағы танымдық ашық сабақ өтті. (оқытушы доцент Мұсалы Ләйлә Жұматайқызы)  Бұл жай ғана оқу үрдісі емес, ұлы ойшылдың рухани мұрасын жаңа қырынан танытқан нағыз мәдени кездесу болды. Сабақтың өзегі ретінде Абай шығармашылығының үш қайнар бұлағы таңдалды: Қазақ халқының бай мұрасы — билер сөзі мен ақын-жыраулардың даналығы. Бұл бағытты «Есептеу ғылымдары және жүйелер» тобы таныстырды. Шығыс классикасы — Фирдоуси, Низами, Науаи секілді ұлы ойшылдардың ықпалы. Бұл тақырыпты «Қолданбалы математика» тобы ашты. Орыс және еуропа мәдениеті — әлемдік әдебиет пен философияның әсері. Бұл бөлімді «Математика» тобы ұсынды. Студенттер теорияны тәжірибемен ұштастырып, нағыз актерлік шеберліктерін көрсетті: «Қолданбалы математика» студенттері Абайдың «Масғұт» поэмасынан үзінді қойып, таңдау мен адамгершілік мәселесін қозғады. «Есептеу ғылымдары және статистика» тобы билер сотының көрінісін сомдап, дала демократиясының әділдігін паш етті. «Математика» тобы А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасынан үзінді ұсынып, Абайдың аудармашылық қырын көрсетті. Ұлттық киімдегі өнерпаздар мен дайындалған декорациялар сабаққа ерекше рең берді. Деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары Сахаева Айгерім Куандыққызы және кураторлар студенттердің дайындық деңгейін жоғары бағалады. Абайдың білімге, адамгершілікке және рухани дамуға шақырған үндеуі бүгінгі жастар үшін басты темірқазық болып қала бермек. Абайды тану — өзіңді тану!

 

Математикалық және компьютерлік моделдеу кафедрасының меңгерушісі

Маусумбекова Сәуле Жұмаханқызы