Лингвист-ғалымдар толғанысы – «Тіл-құралдың қуатты күші»
Қазақ халқы тілді адамның өз мақсатына жетудегі, тіпті мемлекет ауқымындағы мәселе шешіміндегі қуатты құрал деп таныған. Оның ішінде, ешқандай физикалық күшке жүгінбестен, ұтымды жоспарланған сөйлеу стратегиясы мен тактикасы арқылы мәселені шешіп отырғаны, сондай-ақ халықты бір идея төңірегінде топтастырып, ел басын біріктіретін орасан күш деп тілді түсінгені ондағы деректерден көрінеді. Тіліміздегі «тіл тас жарады, тас жармаса – бас жарады», «басқа пәле тілден», «жақсы сөз – жарым ырыс», «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» сияқты мақал-мәтелдермен бірге тілін табу, майда тілді, қу тілді, жылы сөз т.с.с. тұрақты сөз тіркестері тіл-құралдың қуатты күшін тануды, оны терең зерттеуді қажет етеді.
Филология және әлем тілдері факультетінде Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тіл-құрал – қуатты күш» Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Жыл сайын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы тарапынан ұйымдастырылатын бұл шара «Аханов тағылымы» дәстүрлі конференциясы аясында өткізіледі. Биыл аталмыш конференция 19 мәрте жүргізіліп отыр.
«Тіл-құрал – қуатты күш» Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының Халықаралық қауымдастығы қамқорлығымен өткізіліп келеді. Конференцияны ұйымдастыру шараларына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірге КИМЭП, Сүлеймен Демирел университеттері белсене қатысты.
Конференция жұмысы негізгі бес бағытта жүзеге асырылады: 1. Тілдің қуатты күші және тіл қуаты; 2. Тіл – басты рухани құндылық; 3. Тіл және ұлттық сәйкестік; 4. Тіл және тіл таралымын жоспарлау; 5. Тіл оқыту әдістемесіндегі мәжбүрлеуші және қозғаушы күш.
Конференция жұмыстарына қатысып, баяндама жасауға Қазақстан, Ресей, т.б. елдердің ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларының, сондай-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының тіл мамандары, көрнекті ғалымдар ықылас білдірді.
Аталмыш ғылыми шара факультет деканы Өмірхан Абдиманұлының конференция қатысушыларына арнаған құттықтау сөзімен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі Мадиева Гүлмира Баянжанқызының алғы сөзімен ашылды.
Пленарлық мәжілісте көрнекті ғалым-филологтардың қазіргі тіл білімінің өзекті мәселелеріне, оның ішінде, тілдік саясатқа, тіл мен мәдениетке, өзгеріс үстіндегі мемлекеттер жағдайында тіл және әдебиет пәндерін оқыту әдістемесіне арналған баяндамалары тыңдалды. Осы орайдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филол.ғ.д. Бақытжан Хасанұлының, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры, филол.ғ.д. Ахметжанова Зауреш Канашқызының, Ресей ғылым академиясы қоғамдық ғылымдар бойынша ғылыми ақпараттар Институтының профессоры, филол.ғ.д. Яковлева Эмма Борисовнаның баяндамалары конференция қатысушылары тарапынан жылы қабылданып, тыңдарман сауалдарын тудырды.
Конференция жұмыстары аясында МАПРЯЛ Президиумының вице-президенті филол.ғ.д., профессор Сулейменова Элеонора Дүйсенқызы (дәріс тақырыбы: «Тіл қуатты күш қоры ретінде және тіл-құралдың қуаты») және ҚР ҚҒА ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филол.ғ.д., Шаймерденова Нұрсулу Жамалбекқызы актілік дәрістерін оқыды (дәріс тақырыбы: «Өзгерістегі парадигмалар жағдайындағы Қазақстандық русистика»).
Конференция соңында оның жұмысы қорытындыланып, тіл-құралдың қуатты күшін, оның масс-медиадағы әрекетін зерттеуге байланысты ұсыныстар қабылданды.
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының
оқытушылары: филол.ғ.д., проф. Ж.Қ. Ибраева
филол. ғ.к., доцент А.Қ. Таусоғарова